ЖОБАЛЫҚ-БАҒЫТТАЛҒАН ОҚЫТУ БОЛАШАҚ МАМАНДАРДЫ КӘСІБИ ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГІЗІ РЕТІНДЕ

Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік жоспары, ұлттық үлгісі қалыптасуда. Осыған орай білім алушылардың тұлғалық дамуына бағытталған жана оқыту технологияларының бірі бұл жобалық оқыту әдістері. Жобалалық-бағытталған оқыту кредиттік оқу жүйесінің талабына сай, қазіргі заман түрғысынан қойылып отырған міндеттерге жауап бере алатын, бүгінгі күн үдерісін толық аяқтай алатын оқыту жүйесі.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының фармакогнозия кафедрасы да жоғарғы оқу орны білім алушыларын дайындауда өз білім беру жүйелерінде қолданып, білім алушылардың дағдыларын дамыту мүмкіндіктері мен практикалық маңызы қарастырылады.
«Фармакогнозия» кафедрасында 2023-2024 оқу жылында «Фармакогнозия» пәнінен енгізілген жобалық-бағыттық оқыту әдісі бойынша В-ФҚА-01-21, В-ФҚБ-01-21 «Фармация» білім беру топтарының білім алушылары жобалық жұмыстар жүргізілген болатын.
Жобалық-бағыттық оқыту бағдарламасы бойынша мына тақырыптар зерттелді:
1. Оңтүстік Қазақстан флорасында өсетін халықтық медицинада қолданылатын кәдімгі шашыратқы тамырларын фармакогностикалық және фитохимиялық талдау;
2. Оңтүстік Қазақстан флорасында өсетін халықтық медицинада қолданылатын Зизифора Бунге киікоты шөбін фармакогностикалық және фитохимиялық талдау;
Жобамен жұмыс істеу барысында білім алушылар кіші топтарға жіктеліп, зерттелетін тақырыптары белгіленді. Топтағы әр қатысушының міндеті айқындалды. Әр топтың көшбасшылары тағайындалып, оқытушы жоба кеңесшісі ролін атқарды. Яғни, көшбасшы ретінде студенттердің арасынан белсенді, көшбасшылық қабілеті бар студенттер таңдалып алынды.
Жоба бойынша жауапкершілікті бөлу матрицасы көмегімен жоба қатысушыларына (студенттерге) атқаратын міндеттері бөлінді. Жобаны басқаруды оңтайландыру мақсатында Ганта диаграммасы құрылды. Диаграммада жоба бойынша жүргізілетін жұмыстар мен олардың жасалу уақыттары көрсетілген.

Сонымен қатар, білім алушылар жобалық жұмыстарды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін бағдарлама – Trello тақтасын қолдану бойынша «Қашықтан білім беру технологиялары» бөлімнің қызметкерінен арнайы кеңестер алып, өз жобаларында қолданды.

Қазіргі кезде Trello тақтасы онлайн түрде жобалық жұмыстарды,жұмыс процестерін басқаруға мүмкіндік беретін танымал жүйелердің бірі. Бұл жүйе "дәл уақытында" жүзеге асыру және жоба қатысушылары арасында міндеттерін біркелкі бөлуге негізделген жапондық басқару принципі көмегімен құрылған. Тақта топтың жұмысын жеңілдету үшін файлдарды, тапсырмалар тізімдерін қосуға және т.б. көптеген жұмыстарды жасауға мүмкіндік береді. Білім алушылар бағдарлама алғаннан соң өз жобалық жұмыстарын Trello тақтасына енгізді.

2023 жылдың 24 қазан күні кафедрада жобалық-бағыттық оқыту бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыстың аралық есебі өткізілді.
Зерттеу жұмысының алғашқы этапында әдеби шолу және зерттеліп отырған тақырыптар бойыншга патенттік ізденіс жасалды. Ізденіс жұмыстары Scopus, elibrary, Web of science және т.б ақпарат базалары бойынша жүргізілді.
Екінші этапта білім алушылар макроскопиялық және микроскопиялық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеяда келтірілген әдістер негізінде орындады.

2023 жылдың 6-8 желтоқсан аралығында "ОҚМА" АҚ қабырғасында жас ғалымдар мен студенттердің алғашқы халықаралық форумы өтті. Форум аясында 2023 жылдың 6 желтоқсанында жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми жобалар байқауы өтті. Ғылыми жобаға Фармакогнозия кафедрасынан жобалық-бағытталған оқытумен айналысатын білім алушыларда өз ғылыми жобаларын ұсынды: «Фармация» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері - Керімқұл Жансая Айтбеккызы, «Оңтүстік Қазақстан флорасында өсетін халықтық медицинада қолданылатын кәдімгі шашыратқы өсімдігінің фармакогностикалық және фитохимиялық талдауы» және Баймырзаева Айгерім Ғалымқызы, «Бунге киікоты өсімдігін фармакогностикалық және фитохимиялық талдау» тақырыбында жоба бойынша баяндама жасады.

7-8 желтоқсан күндері форум аясында "Биология, медицина және фармацияны дамыту перспективалары" атты жас ғалымдар мен студенттердің X Халықаралық ғылыми конференциясы оффлайн және онлайн форматта өтті.
Фармакогнозия кафедрасының "Табиғи дәрілік заттар және оларды қолдану перспективалары" секциялық отырысында жобаға бағытталған оқыту бойынша студенттер өз жобалары бойынша мақалалар жариялап, секциялық отырыста баяндамалар жасады. Білім алушылардың баяндамалары жоғары деңгейде жасалды. Олардың тақырыптар бойынша баяндамасының мазмұны соншалықты қызықты және жан-жақты болды, бұл тыңдаушылар арасында қызу пікірталас тудырды.

Конференция нәтижесінде В - ФҚА-01-21 тобының студенті Алиханова Умида Айбекқызы "Бунге киікоты шөбін фармакогностикалық талдау" тақырыбында III дәрежелі дипломмен марапатталды.

Білім алушылар 2023 жылдың 12 желтоқсан күні жобалық-бағытталған оқыту бойын өз жобаларының екінші аралық есебін қорғады.
Екінші кезеңде білім алушылар макроскопиялық және микроскопиялық, сонымен қатар тауарлық талдау жұмыстарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясында келтірілген әдістер негізінде орындап, зерттелетін объектілерінің анатомо-морфологиялық белгілерін, сандық көрсеткіштерін анықтады.

Аралық есеп барысында «Фармакогнозия» кафедрасының меңгерушісі, проф.м.а., фарм.ғ.к. Орынбасарова К.К., БММУ (Уфа) Фармакогнозия ботаника курсымен және фитотерапия негіздері кафедрасының профессоры фарм.ғ.д. Пупыкина К.А. және «Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу» зертханасының аға ғылыми қызметкері Кемелбеков Ұ.С. өз пікірлерін айтып, оң бағаларын берді.

Сонымен қатар, жоба жетекшілері де аға оқытушы Ибрагимова З.Е., Әбілова А.А. жобалық жұмыспен айналысу барысында білім алушылардың іздеу қабілеті, яғни әдебиеттермен жұмыс жасау қабілеті (керек ақпаратты іріктеп алу), жоспар құра алу, іс қағаздарын жүргізу дағдылары дамығандығы байқағандығын атап айтты. Және зерттеушілік қабілеті, аналитикалық ойлау, проблемалық жағдайларды талдау, нәтижелерді талдау, қорытынды жасай алу, MS Excel бағдарламасымен жұмыс істеу, шығармашылық қабілеті (презентацияларды безендіру және т.б.), аудиторияда баяндаманы қорғау және т.б. көптеген дағдылары да қалыптасқанын атап көрсетті.

Қорытындылай келе жобалық – бағытталған оқыту кафедрадағы оқу процесіне енгізу білім алушылардың командада жұмыс тәжірибесін жинақтауға ықпал етеді, оқу үдерісін едәуір қарқындатуға, білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік береді деген қорытынды жасалды.

26.12.2023, 11:30
372 қаралым