Жас зерттеушілердің инновациялық идеялары

Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы «Жас зерттеушілердің инновациялық идеялары» атты II халықаралық постерлер докладтар конкурсы ЖОО-серіктестерімен бірге өткізді. Конкурста Үндістаннан - College Of Pharmacy (Ooty), Academy of Higher Education & Research (Ooty), И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медициналық Университеті, Башқұрт мемлекеттік медицина Университеті (Уфа, РФ), И.К.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы (Бішкек, Қырғызстан), Ташкент фармацевтикалық институты (Ташкент, Өзбекстан), Абу али ибни Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина Университеті (Душанбе, Тәжікстан) және Оңтүстік қазақстан медицина академиясы студенттері, фармация магистерлері мен PhD докторлары қатысты.

Конкурс мақсаты фармацевтикалық ғылым саласындағы жас мамандардың ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелерін көрсету болып табылды. Байқауға қатысушылардың ғылыми зерттеу бағыттары әралуан болды: фармациядағы инновациялық технологиялар, жаңа дәрілік препараттарды жасау, дәрілік препараттардың әсерінің молекулалық механизмдері, дәрілік заттар мен дәрілік өсімдік шикізатын стандарттау, дәрілік заттардың фармакологиялық белсенділігін анықтау үшін скринингтік зерттеулер, нутрициология мәселелері, ДЗ маркетингтік зерттеулері, токсикологиялық маңызды заттардың химия-токсикологиялық талдауы және т.б..

Байқау офлайн және шетелдік қатысушылар үшін онлайн режимінде Zoom алаңында өтті. Байқауға 60-қа жуық стендтік баяндамалар (постерлер) келіп түсті. Алдын-ала постерлік баяндамалар медицина және фармация саласындағы белгілі мамандардан тұратын қазылар алқасының мүшелеріне жіберілді. Қазылар алқасының мүшелері постерлік баяндамаларды келесі критерийлер бойынша бағалады: зерттеудің өзектілігі мен мақсаты, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығы, постерлік баяндаманың сапасы (көрнекілік, креативтілік, презентабельділік), материалды меңгеру дәрежесі (сұрақ-жауап, талқылау қабілеті және т.б.).

Конференция барысында авторлар мен олардың баяндамашылары қазылар алқасының мүшелері және қатысушылармен тікелей пікірталас жасап, сондай-ақ зерттеу жұмыстары бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп және қосымша түсініктемелерді айтып отырды.

Барлық қатысушылардың баяндамасынан кейін қазылар алқасы нәтижелерді талқылап, ұйымдастыру комитеті үшін қорытынды шешім шығарды. Қазылар алқасының төрағасы, профессор Г.Н. Досыбаева байқау нәтижелері мен жеңімпаздардың есімдерін жариялады. Конкурстың барлық қатысушыларына ғылыми жетекшісін көрсете отырып, қатысу туралы сертификаттар, ал жеңімпаздар - I, II және III дәрежелі дипломдар, сондай-ақ "Болашақ Нобель лауреаты"номинациясы бойынша арнайы диплом берілді.

Конкурс соңында қатысушылар мен олардың жетекшілері өз әсерлерімен бөлісіп, халықаралық форумды ұйымдастыру мен өткізудің жоғары деңгейін атап өтті.

Қатысушылар өздерінің ғылыми идеялары мен жобаларын көрсете алды, сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеу және ақпараттық технологияларды қолдану дағдыларын көрсетті.

 

12.05.2023, 17:22
449 қаралым