Жаңа психоактивті заттардың сот-химиялық сараптау мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-практикалық семинар
ОҚМА фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының оқытушылары Ташкент фармацевтикалық институты ұйымдастырған жаңа психоактивті заттардың сот-химиялық сараптау мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-практикалық семинарға қатысты.
Семинарда Қазақстан, Өзбекстан, Ресейдің фармацевтикалық және медициналық жоғары оқу орындарының, сондай-ақ сот-медициналық сараптама бюросы мен химия-токсикологиялық зертханалардың тәжірибелік қызметкерлерінің дәрілік заттарды медициналық емес мақсаттарда пайдалану мәселелері бойынша зерттеу нәтижелері талқыланды.
Пермь мемлекеттік фармацевтикалық академиясы (ПМФА) ғалымдары фарм.ғ.д., проф. Т.Л. Малкова, токсикологиялық химия кафедрасының доценті П. С. Мащенконың Ресей Федерациясы аумағында алынған жаңа психоактивті заттарға сараптамалық зерттеулер жүргізудің ұйымдастырушылық-әдістемелік аспектілері, жаңа психоактивті заттардың негізгі "толқындарының" ретроспективасы "Фарматест" аймақтық сынақ орталығының (АСО) жұмысы мысалындағы баяндамалары өзекті болды.
Зертханалық жануарлардағы MDMB(N)-073F каннабимиметиктері әсерінен туындаған мінез-құлық және метаболикалық жауаптың өзара байланысы және олардың зәріндегі РВ-22, РВ-22F синтетикалық каннабиноидтар метаболизмінің ерекшеліктері туралы ПМФА "Фарматест" АСО ғылыми бөлімінің кіші ғылыми қызметкерлері А.И. Андреев пен Д. Ю. Апушкин баяндап өтті.
Биосұйықтықтан оқшауланған прегабалиннің алдын-ала сынамасы, идентификациясы мен сандық мөлшерін анықтау жөніндегі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін Академияның фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының доценті А.Д. Серікбаева егжей-тегжейлі баяндады. Токсикологиялық маңызды заттардың химия-токсикологиялық зерттеу нәтижелерін сот-сараптау зерттеулері әдістемелер мемлекеттік реестеріне енгізу туралы ақпарат аудиторияның қызығушылығын туындатты.
Сот-химиялық практикадағы көкнәрмен улану жағдайлары, тропикамидті талдаудағы жұқа қабатты хроматография, зәрдегі тетрагидроканнабинол метаболитін анықтауды Республикалық сот-медициналық сараптама ғылыми-практикалық орталығының химия-токсикология бөлімінің меңгерушісі Х.И. Примухамедова, ТашФармИ токсикологиялық химия кафедрасының доценттері М.У. Нурматова, Н.У. Абдухаликова және т.б. семинар қатысушылары баяндап кетті.
Жаңа психоактивті заттар сот-химиялық сараптамасының қазіргі кездегі мәселелерін талдау барысында семинарға қатысушылар оларды шешудің мүмкін жолдарын тұжырымдады.