«ЗЕРДЕ-ФИТО» БАЗАЛАРЫНДА СТУДЕНТТЕРДІ ДУАЛДЫ ОҚЫТУ

ОҚМА мен «Зерде-Фито» ЖШС ынтымақтастығы аясында «Фармация» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттерін «Дәрілік шикізатты талдау және стандарттау» пәні бойынша дуалды оқыту жүзеге асырылуда. «Зерде-Фито» фармацевтикалық компаниясының өндіріс басшысы М.Ж. Жұматаевпен «ДӨШ сапасын бақылау. Дәрілік өсімдік шикізатын өңдеу. Жинақтар, түйіршіктер, емдік шайлар және т.б.» тақырыбы бойынша қажетті материалдар қамтамасыз етілді.
Дуалды оқытудың мақсаты – студенттердің стандарттау жүйесі мен дәрілік өсімдік шикізатының сапасын реттейтін нормативтік құжаттардың категориялары туралы білімдерін, тұтас шикізатты қабылдау дағдыларын қалыптастыру.

Оқыту барысында студенттер ресми жинақтардың номенклатурасымен, сапасына қойылатын талаптармен, пайдалану жолдарымен, орау жүйесімен, сақталуымен, дайын өнімнің пайдаланылуымен танысты.
Өндіріс басшысымен өңдеу және орау бөлімдері көрсетілді.
Өңдеу бөлімінде дәрілік өсімдік шикізатын заманауи шөп кескіштермен ұнтақтау әдістері, ұнтақтау дәрежесін анықтау және тікелей шөп кескіштердің жұмыс істеу принципі студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Ұнтақтау процесі үшін өндіріс қалдықтарын, өсімдік шикізатын, тамақ өнімдерін кесуге арналған «Корсар 190» әмбебап ұнтақтағышы қолданылды. Дәрілік өсімдік шикізатын електен өткізу вибрациялық електер арқылы жүргізілді. Ұнтақталған шикізат фракцияларға бөлініп, орамдау көп басты дозатор көмегімен буып-түйетін машинада сүзгі пакеттерге салынды.

Осылайша, дуалды оқыту жүйесі оқу орнын бітіргеннен кейін белгілі бір сала бойынша маман дипломына ие болып қана қоймай, кез келген кәсіби міндеттерді өз бетінше шеше алатын кадрларды дайындауға мүмкіндік береді. Оқытудың бұл формасы теориялық дайындық деңгейін сақтай отырып, оқу процесінің практикалық құрамдас бөлігін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.

04.05.2022, 16:52
311 қаралым