ЮКМА және Сеул ұлттық университетінің Бундан госпиталі (Оңтүстік Корея): ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың алғышарттары бар
Жақында Академия әкімшілігі Сеул ұлттық университетінің (Оңтүстік Корея) Халықаралық медицина орталығының сыртқы байланыстар жөніндегі басқармасының өкілі Сергей Киммен кездесті.
Профессор С. Ким екі филиалы бар Бундан госпиталінің пайда болу тарихымен таныстырды, біріншісі 2003 жылы толық цифрландырылды. 2013 жылы жаңа корпустың ашылуымен екінші цифрландырылған нұсқасы іске қосылды, бұл жаңа медициналық әзірлемелер мен медициналық қызметтерге тез бейімделуге мүмкіндік берді. 2016 жылы Бундан госпиталі әлемнің жетекші ғалымдарын инновациялық зерттеу паркінің, ал 2019 жылы биомедициналық ғылыми – зерттеу институтының ашылуына шақырды.
Госпиталь «Оқыту, көп бейінді және жоғары мамандандырылған» класына жатады, өңірлік жедел медициналық жәрдем орталығы бар. Білім беру базасында интернатура және резидентура бойынша білім беру бағдарламалары жүргізіледі. Мұнда ғылыми зерттеулер үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры, профессор Мырзабек Мырзашұлы Рысбеков оқу орны туралы, сондай-ақ пациентке бағдарланған оқыту, 800 төсектік көпбейінді университеттік клиника құрылысы және ауысымда 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталық туралы ақпаратпен бөлісті. Cонымен қатар серіктес жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы шарттармен, академиялық ұтқырлықпен, фармацевтика факультеті студенттерінің ТМД елдерінде өндірістік практикадан өтуімен қысқаша таныстырды.
Кездесуге проректорлар Ж.С. Сейтжанова, М.У. Анартаева, М.М. Есиркепов, медицина факультетінің деканы Ж.И. Сагтаганов, басқарма бастығы А. А. Жақсылық, бас бухгалтер Д. А. Баимбетова және т. б. қатысты.
Тараптар білім және ғылым саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.