ЫНТЫМАҚ БАЗАСЫНДАҒЫ ПРАКТИКА
«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ фармакогнозия кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, 1, 2, 3 курс студенттері, магистранттары мен докторанттары 2023 жылдың сәуір айынан бастап дәрілік өсімдіктердің көшеттері мен тұқымдарын Шымкент қаласында ауданы 3 га «Ынтымақ» учаскесінде отырғызды. Базада дәрілік өсімдіктердің 20-ға жуық түрінің тұқымдары себілді, мысалы, дәрілік қырмызыгүл, бұрышты жалбыз, күлгін оймақгүл, кәдімгі мыңжапырақ, дәрілік жаужапырақ, тар жапырақты лаванда, дәрілік шалфей, дәрілік түймедақ, бойдана, шұбар алатікен және т. б.
«Ынтымақ» базасы "Фармация" білім беру бағдарламасының 1 курс студенттерінің ботаника бойынша оқу практикасы және "Фармация" білім беру бағдарламасының 3 курс студенттерінің фармакогнозиясы бойынша өндірістік практика үшін база болып табылады.
Оқу және өндірістік практиканың негізгі мақсаты - студенттердің дәріс-практикалық сабақ барысында алған теориялық білімдерін бекіту және жетілдіру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молайтуды ескере отырып, дәрілік өсімдік шикізатын өсіру, дайындау мәселелері бойынша дағдылар мен практикалық дағдыларды игеру, дәрілік өсімдіктерді өсірудің негізгі әдістерін игеру.
Білім алушылар бірінші күннен бастап практиканың мақсатымен, жоспарымен және техника қауіпсіздік ережесімен танысты.
Практика барысында білім алушылар культивациялау, GACP бойынша жинау және культивациялаудың тиісті практикасының принциптеріне сәйкес дәрілік өсімдіктерді күтіп баптау жолдарын меңгерді.