Ташкент фармацевтикалық институты базасында кәсіби дағдыларды нығайту
Кәсіби дағдыларды нығайту мақсатындағы «Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау» өндірістік тәжірибе Өзбекстан Республикасының Ташкент фармацевтикалық институтындағы (ТашФармИ) фармацевтикалық химия кафедрасы базасында және дәрілік заттардың стандартизациясы Ғылыми Орталығында (ДЗСҒО) өтті.
Өндірістік тәжірибенің бағдарламасы мен графигіне сәйкес практиканттар дәрілік заттардың (ДЗ) фармацевтикалық талдауы саласында жұмыстар атқарды.
Практиканттар ДЗСҒО-ның қызметтерімен, фармацевт-аналитиктің міндеттерімен, республикадағы дәрілік заттардың сапасын бақылау мен стандартизациясын регламенттейтін нормативті құжаттармен танысты.
Студенттер жалпы сапалық көрсеткіштері бойынша дәрілік түрлеріне (таблетка, капсула, жақпа май, шаншуға арналған ерітінді және дәрілік өсімдік шикізаттары) физикалық, химиялық және физика-химиялық талдаудың жалпы фармакопеялық әдістерін жүргізді.
Сонымен қатар, практиканттар ДЗ-ды элементті талдауда оттекті колбада жағу әдісі және Кьельдаль әдісімен органикалық ДЗ-дағы азотты анықтау, талдаудың инструменталды (ГХ, ЖЭСХ) әдістері, ылғалды К.Фишердің жартылай микроәдісімен анықтау сияқты маңызды тақырыптар бойынша білікті мамандардың мастер-класстарына қатысты.
ОҚМА және ТашФармИ аттас кафедраларының серіктестігі 2018 ж. күз айларынан басталған. Осы уақыт аралығында профессор Ордабаева С.К. студенттерге фармацевтикалық химиядан дәріс оқуға шақырылды, ортақ оқу құралы жасалынды.
Өндірістік тәжірибе кезеңінде кафедраның профессор м.а. ТашФармИ оқытушылар үшін белсенді оқыту әдістері бойынша мастер-класс өткізді, сонымен қатар «Өндірістік фармация» мамандығының студенттеріне «Синтетикалық дәрілік заттардың химиясы және технологиясы» пәні бойынша дәріс оқыды.
Студенттердің өндірістік тәжірибесі қасиетті Рамазан айымен сәйкес келді. Біздің практиканттар Ташкент фармацевтикалық институтының ректоры, профессор И.И. Алимджановтың қабылдауында болды және басшылық тарапынан оларға ауызашар ұйымдастырылды.
Мәдени бағдарлама да өте қызықты болды: әлемнің ең көне қалаларының бірі Самарқандқа барып, Регистан алаңы, Шахи-Зинд кешені, Гур-Эмир мұражайы, Биби-Ханум мешіті және т.б. жерлерде зиярат етілді.
Сонымен қатар, біздің студенттер Ташкент фармацевтикалық институтының оқытушылар мен студенттеріне арнап «Қазақстан Күнін» ұйымдастырды.
Академиянің студенттері мен фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ұжымы берілген мүмкіндік үшін Академияның басшылығына және өндірістік тәжірибені жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін және барлық тапсырма мен сұрақтарды шешуде көрсеткен көмектері үшін әр қызметкерге және ұжымның кәсібилігі үшін Ташкент фармацевтикалық институтының басшылығына шынайы алғысын білдіреді.