Ташкент фармацевтика институтында өткен магистранттардың ғылыми тағылымдамасы
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Ташкент фармацевтика институты арасындағы «Шетелдік жоғары оқу орындарымен студенттік алмасуды ұйымдастыру» меморандумы аясында 28.11.2022ж.-09.12.2022ж. аралығында «Фармакогнозия» кафедрасының 2 оқу жылының магистранттары Асан Бақтыбай, Өмірбек Нұржан, Төрехан Мереке, Әбдіқадыр Назым «Ташкент фармацевтика институты» және «Дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығы» ғылыми тағылымдамадан өтті. Ғылыми тағылымдама негізгі құзыреттерді бекітуге, «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша ғылыми және кәсіби дайындық деңгейін, біліктілік пен практикалық дағдыларды арттыруға, мәдени және жалпы білім деңгейін көтеруге бағытталды.
Ғылыми тағылымдама жоспарына сәйкес магистранттар келесі жұмыстарды орындады: Ташкент фармацевтикалық институтының базасымен танысты және тағылымдама бағдарламасын талқылады; дәрілік өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді заттар (ББЗ) бөліп алынды; ИҚ-спектроскопия және жұқа қабатты хроматография (ЖҚХ) әдістері арқылы сапалық талдау, физика-химиялық әдістер арқылы сандық талдаулар жүргізілді. Соның ішінде жоғары эффективті сұйықтық хроматография (ЖЭСХ) және спектрофотметрия (СФ) әдістерімен дәрілік өсімдік шикізаты құрамындағы флавоноидтардың мөлшері анықталды. Сонымен қатар «Фармакогнозия» кафедрасының профессор-оқытушылық құрамымен магистранттар диссертациялық тақырыбы негізінде консультациялар алды.
Ғылыми тағылымдаманың барлық кезеңінде магистратура бөлімінің басшысы, PhD, доцент Мұхитдинова К.Ш. магистранттарға қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Ташкент фармацевтика институтының фармакогнозия кафедрасының меңгерушісі Фарманова Н.Т. ғылыми тағылымдама бағдарламасына сәйкес іс-шараларды өткізуге қатысты. Ғылыми тағылымдама одан әрі ғылыми-зерттеу қызметі үшін өте тиімді және пайдалы болып шықты.