«Студенттер қатарына өтудің тұсау кесері»
2015 жылдың 7 қазан күні С.Сейфуллин атындағы Халықтар Достығы үйінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының 1 курс студенттеріне арналған салтанатты «Тұсау кесер» кеші өткізілді.
Алғашқы құттықтау сөзін академиямыздың оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры М.Ұ.Анартаева алып, студенттерді айтулы мерекесімен құттықтап, жаңадан келіп отырған студенттерге оқу барысына сәттілік тіледі. Іс-шара студент жастарымыздың дәстүрлі түрде «Студенттер қатарына қабылдану» антын беруімен бастау алып, студенттерге білім кілті мен студенттік билет-кітапшалары арнайы табысталды. Академияның өмірі мен тұрмыс тіршілігі жайында және «Әдепсіз болма, студент» тақырыбында студенттерге арналған бейнеролик көрсетілді.
Оған қоса, студенттік кәсіподақ ұйымы мен жастар саясаты бөлімінің ұйымдастыруымен академияның оқуда, қоғамдық өмірде белсенді болған жастарымызды, сонымен қатар Алтын белгі және ҰБТ –дан жоғары балға ие болған талапкерлерді факультет декандары марапаттап, табыстады.
Аталмыш іс-шара студент жастардың зейініне арналған әсем әуенге, мың бұралған бишілердің биіне жалғасты. Мереке соңы белсенділік танытып жүрген ОҚМФА-ның белсенділері мен көшбасшыларын таныстырып, әсем әуенмен аяқталды.