Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институты қызметкерлерінің 80% - ы ОҚМА түлектері. Немесе шартқа қол қою рәсімі қалай өтті
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының кіші мәжіліс залында «ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» филиалының Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институтымен шартқа қол қойылды.
Кездесуді ашқан ректор, профессор М.М. Рысбеков Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың қыркүйек айында жарияланған «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» жобасының аясында отандық денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп, медицина кадрларын даярлауда ерекше рөл берілгенін айтты.
ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығы филиалының директорының м.а. Улугбек Русланбекович Арипханов сот-медициналық сараптама саласында болашақ мамандарды даярлау үшін бакалавриат, магистратура, резидентура деңгейлерінде кеңейтілген ынтымақтастық қажеттігін, медициналық факультетте сот-медициналық сараптама бойынша курсты енгізу қажеттігі пісіп жетілгенін, онда бірінші кезде Орталықтың жоғары санатты дәрігер-сарапшылары жетекші оқытушылар болатынын атап өтті. У.Р.Арипханов Шымкент қаласының әкімдігіне болашақта ОҚМА базасында оқуға және сот-медициналық сараптама орталықтарында жұмыс істеуге ниет білдірген үздік талапкерлерге грант беру туралы ұсыныстарымен шығу идеясымен бөлісті. Сондай-ақ, ол ОҚМА түлегі екендігімен мақтана отырып, Орталықтың штаттық қызметкерлерінің 80 пайызы да ОҚМА-ны бітіргенін айтты.
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының меңгерушісі, фарм.ғ.д., профессор С.К. Ордабаева міндетті және эликтивті пәндерді қоса алғанда, сот-медициналық сараптама пәндері бойынша толық курстан, өндірістік практикадан өткен ОҚМА фармацевтика факультетінің түлектерін Қазақстанның сот-медициналық зертханаларына қуана шақыратынын атап өтті. Ал жоғары оқу орнын бұрын бітіргендер, толыққанды білім алғаны үшін алғыс білдіреді. Бұл Академияның өзіндік ерекшелігі, бренд болып табылады, өйткені ТМД елдеріндегі әріптестердің, орталықтар мен зертханалардың ОҚМА фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының жабдықталуына қызығушылығы бүгінгі күнге дейін жоғалмады.
Тараптар құжатқа қол қойып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, мүдделі ведомстволық құрылымдар арқылы сот-медициналық сараптама курсы бойынша білім беру бағдарламаларын ілгерілетуге келісті.
Жиылысқа проректор М.У. Анартаева, кафедра меңгерушілері С.К. Ордабаева, А.Ш. Садыкова, басқарма бастығы А.А. Жақсылық, фармация факультетінің деканы Г.Ж. Умурзахова, ғылыми журналдың редакторы Р. А. Шаймерденова және т. б. қатысты.