Серіктес жоғары оқу орындарымен нәтижелі ынтымақтастық аясындағы оқу-өндірістік тәжірибесі

И.М. Сеченов атындағы Бірінші МММУ  (Мәскеу қ.) және БММУ (Уфа қ.) студенттері тобының фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында өткен «Дәрілік заттар сапасын бақылау және сертификаттау» оқу-өндірістік тәжірибесі аяқталды.

568 8

Студенттер оқу-өндірістік тәжірибесі бағдарламаларын толық орындады. Атап айтқанда, ҚР дәрілік заттар сапасын регламенттейтін нормативті құжаттармен танысты: ҚР мемлекеттік фармакопеясының I, II, III  томдары, № 193-4-304 «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі, № 1459 «ДЗ, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалар қауіпсіздігі мен сапасын бағалауды жүргізу тәртібін бекіту туралы» Қаулысы және т.б.

568 9

«Дәрілік заттардың сапасын, тиімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған фармакопеялық талаптар» тақырыбында семинарға қатысты.

Тәжірибе бағдарламасы фармацевтикалық талдаудың физикалық, химиялық және физика-химиялық талдаудың жалпы фармакопеялық әдістері сияқты бөлімдерді қамтыған. Студенттер ҚР мемлекеттік фармакопеясы талаптарына сай субстанциялар, таблеткалар, капсулалар, шаншуға арналған ерітінділер, жақпамайлар, дәрілік өсімдік шикізаттары және т.б. толық фармакопеялық талдаулар жүргізді.

568 1

Тәжірибешілер химиялық талдау әдістеріне негізделген сапалық және сандық талдаулар жасады, оның ішінде алкалиметрия, нитритометрия, йодометрия және т.б. сияқты титриметриялық әдістер.

568 6

Балқу температурасы, рН көрсеткіші, кептіргендегі масса шығыны сияқты физикалық константаларды анықтау «рН-150МА» потенциометрі,  балқу температурасын анықтайтын приборы мен «Binder» (Германия) қондырғыларында жүргізілді.

Зерттелетін дәрілік препараттардың өзі екендігі мен сандық мөлшерін анықтауда «СФ-2000» спектрофотометрі (Ресей), «PD-303S»  (Жапония) және КФК-3 «30М3» фотометрі (Ресей) приборларында жұмыс жасап, тәжірибелік дағдыларын нығайтты.

568 2

«Sykam» маркалы (Германия) «Clarity» бағдарламасымен жабдықталған жоғары эффективті сұйықтық хроматографта дәрілік препараттарды идентификациялау, тектес қоспалары мен сандық анықтауы жүргізілді. 

568 5

Сонымен бірге, дәрілік препараттардың өзі екендігі мен тектес қоспаларын анықтау сорбенттің жұқа қабатындағы хроматография әдісімен келесі қондырғы жиынтығы көмегімен жүзеге асырылды: УК-хроматоскоп, хроматографиялық камера,  хроматографиялық пластинка.

568 4

Студенттер дәрілік өсімдік шикізаттары мен фитопрепараттарға фармакопеялық макро- және микроскопиялық талдаулар жүргізіп, ылғалдық, күл, ұсақталу дәрежесі, ауыр металдар, органикалық, минералды қоспаларды және т.б. анықтады.

568 7

«Vision Bio» бағдарламасымен жабдықталған «МТ 4000/МТ5000 Meiji Techno» (Канада) биологиялық микроскопта микроскопиялық жұмыстар жасау тәжірибешілердің өсімдік шикізаттарына, кристалды тұнбалардың түрі мен бояуларына, ұнтақтардың құрылымына және т.б. зерттеулер жүргізу дағдыларын нығайтуға мүмкіндік берді.

568 10

Тәжірибешілер биологиялық матрицадан бөлініп алынған дәрілік заттарға талдаулар жүргізді. Олар осы мақсатта биологиялық материалдан анықталатын заттарды оқшаулау, концентрлеу, ары қарай заманауи физика-химиялық әдістерді қолдана отырып, идентификациялау және сандық анықтау жүргізді. 

568 3

European Science Editing (SCOPUS) журналының бас редакторы, ғылыми редакторлар Европалық ассоциациясының мүшесі, Бирмингем университетінің (Ұлыбритания) профессоры А.Ю. Гаспарянның «Импакт-факторы бар рецензияланған журналдарда ғылыми мақалаларды жариялау» тақырыбындағы дәрістерін тыңдады.

"Фармация мен медицинаның өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқан тәжірибешілерді фармация мен медицинаның заманауи мәселелері толғандырмай қалмады.

Қонақтар үшін арнайы мәдени іс-шаралар студенттер кәсіподақ комитетінің атсалысуымен ұйымдастырылды. Орта Азияның тарихи киелі жерлері – Арыстан Баб,  Х.А. Яссауи мавзолейлеріне саяхат жасады, сонымен бірге, Біркөлік тауына жорыққа шықты,  біздің қала өзінің естен кетпес естеліктерімен қонақтардың жүрегіне өшпес із қалдырды.

Тәжірибешілер оқу-өндірістік тәжірибені Қазақстанның алдыңғы қатарлы фармацевтикалық жоғары оқу орнында   өтуге мүмкіндік берген ОҚМФА басшылығына орасан зор алғыстарын білдіреді.

09.06.2015, 06:27
739 қаралым