Сеченов университеті базасындағы өндірістік тәжірибе
Академияның фармация факультетінің студенттері осы оқу жылында Сеченов университеті А.П.Нелюбин атындағы фармация Институтының А.П.Арзамасцев атындағы фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы базасында кезекті өндірістік тәжірибені өтіп қайтты. Кафедра ұзақ жылдардан бері ынтымақтасып келе жатқан үздік университеттердің бірінің базасына үміткерлерді іріктеу барысында үздіктер анықталып, фармация факультетінің 4 курс студенттері Рахманова Дилноза, Ян Катерина, Шалтаева Диана, Абдуманап Асхад және Дагыстаноглы Ататүрк таңдалды.
Өндірістік тәжірибе Сеченов университеті мен Академияның аттас кафедралары бірлесіп жасаған Жұмыс оқу бағдарламасына сәйкес жүргізілді. Өндірістік тәжірибе бағдарламасына РФ дәрілік заттар сапасын бақылауды регламенттейтін нормативті құжаттарды, оның ішінде РФ XIV Мемлекеттік фармакопеясы, ЕАЭО фармакопеясын (Одақ фармакопеясы), РФ ДСМ бұйрықтары жәнедәрілік заттар айналымындағы ЕАЭО шешімдерін және т.б. оқып-үйрену енгізілген. Студенттер фармация Институты жанындағы «Фарма-Премиум» ҒЗО-ның ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, сонымен қатар базалық және бейіндік кафедраларымен: химия, жаратылыстану, фармацевтикалық және токсикологиялық химия, фармацевтикалық технология және т.б. танысты.
Студенттер өндірістік тәжірибенің практикалық блогы аясында органикалық дәрілік заттардың әртүрлі кластарына функциональды топтары бойынша талдау жасады. Дәрілік препараттардың сандық мөлшерін анықтау титриметриялық және физика-химиялық әдістермен (поляриметрия, рефрактометрия, ФЭК) жүргізіліп, әдістердің салыстырмалы статистикалық талдауы жасалды.
Мәскеу денсаулық сақтау Департаменті «И.В. Давыдовский атындағы ҚКА» МБДСМ персональды медицина Орталығының фармакокинетика зертханасы базасында практиканттарға мастер-класс өткізілді және ЖЭСХ-МС/МС әдістерімен еріктілердің биосұйықтығындағы дәрілік препараттардың сандық мөлшері анықталды.
Фармацевтикалық аналитика Орталығының сынақ зертханасы базасында студенттер Орталықтың құрылымымен, практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Өлшегіш приборлармен және А класты химиялық ыдыстарымен жұмыс жасау, жұмысшы стандартты үлгілер ерітінділерін дайындау, буферлі ерітінділер дайындап, ары қарай потенциометриялық әдіспен рН мәнін анықтау, стандартты үлгілер мен ішкі стандарттар бойынша алдын-ала калибровты графигі бар ЖЭСХ-МС/МС бойынша практикум өткізілді.
«GxP бойынша сапаны қамтамасыз ету» мастер-класында студенттер дәрілік заттардың сапасын, эффективтілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиісті фармацевтикалық практика саласындағы ЕАЭО нормативті құжаттары талаптары жайлы материалдарды тыңдады, сонымен бірге практикум аясында «Токсиканттардың ЖҚХ-скрининг әдісі» бойынша СОП даярлаумен айналысты.
Бағдарламаның теориялық блогына Сеченов университетінің белгілі ғалым-оқытушылары мен практикалық қызметкерлері дәрілік заттар айналымы саласындағы келесі тақырыптар бойынша мастер-кластар, тренинг және дәрістер өтіп келді, олардың ішінде: «Биопрепараттардың стандартизациясы және сапасын бақылау», «Биопрепараттардың иммуноферментті және фотометриялық (планшетті) талдауы: ерекшеліктері және құрал-жабдықтар», «Иммунофармакология саласындағы фармацевтикалық өңдеулердің өзекті сұрақтары», «Дәрілік заттардың функционалды талдауы», «РФ аумағында тағамға арналған ББҚ тіркеу жүйесі. Кездесіп жатқан мәселелер және оларды шешу жолдары», «Заманауи кезеңде жедел улану ерекшеліктері», «Дәрілік заттар талдауындағы ЖЭСХ-МС/МС», «GxP бойынша сапаны бақылау» және т.б..
Өндірістік тәжірибе соңында студенттер ситуациялық есептерді шешу, практикалық дағдыларды игеру бойынша аттестаттау, компьютерлік тестілеу нәтижелері арқылы дәрілік заттардың сапасын бақылауды жүзеге асырудағы өздерінің жақсы теориялық дайындығы және практикалық дағдыларын көрсетті, химиялық және физика-химиялық әдістерді қолдана отырып, аналитикалық ойлау қабілеттерін, орындалған жұмыстар бойынша сәйкес қорытынды жасай білу дағдыларын, сондай-ақ командада жұмыс жасаудағы коммуникативті дағдыларын көрсете отырып, тәжірибені аяқтады.
Студенттер академик А.П. Арзамасцевтің 90 жылдығына арналған органикалық химия бойынша халықаралық қатысуымен Бүкілресейлік олимпиадаға қатысып, нәтижесінде Рахманова Дилноза, Ян Катерина жүлдегер атанды.
Мәдени бағдарлама да қызықты деңгейде өтті. Студенттер қазақтың ұлы ойшылы А.Құнанбаев ескерткішіне тағзым етті. Космонавтика мұражайына бару және ресейлік кинематографистер әлемдегі тұңғыш ғарыштағы орбиталық стансада түсірген «Сынақ» көркем фильмін, сондай-ақ Кремль сарайында «Ұйқыдағы ару» балетін тамашалау ұмытылмас әсер қалдырды. Мәдени бағдарламаның дәстүрлі бағыты Третьяковский сурет галереясы, ВДНХ, Қызыл алаң, Александров саябағындағы Ұлы отан соғысы кезінде қаза тапқандарға арналған Мәңгілік алау мемориалы, Чистые және Новодевичье тоғандарына және т.б. барумен жалғасты.
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы ұжымы және студенттері Академия басшылығына беделді университеттердің бірінде практика өтуге мүмкіндік бергені, сонымен бірге қабылдаушы университетке практика өтуге жағдай жасағаны және жылы шыраймен қарсы алғаны үшін алғыс білдірді.