Қазақстан мен Ресейдің көрнекті хирургтары Ж. А. Досқалиев пен Э. А. Галлямовқа ОҚМА «Құрметті профессоры» дипломдары табыс етілді

2022 жылдың 22-23 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында ENDOSURGERY. PRO ROADSHOW SILK WAY эндохирургиялық марафоны шеңберінде халықаралық қатысумен «Хирургия, урология, гинекологиядағы лапароскопияның заманауи аспектілері. 4K ICG форматындағы визуализация» атты ғылыми - тәжірибелік конференциясы өткізілді.

Ғылыми форумның ашылу күнінде Қазақстан мен Ресейдің танымал хирургтары Жақсылық Ақмырзаұлы Досқалиев пен Эдуард Абдулхаевич Галлямовқа «ОҚМА құрметті профессоры» атағы берілді.
Академия ректоры, профессор М.М. Рысбеков ғалымдардың медицина мен денсаулық сақтауға қосқан ерекше үлесін атап өтті.

Ж.А. Досқалиев Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығын басқарады, Қазақстан Республикасы мемлекеттік стипендиясының лауреаты, «Хирургияда жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу» жұмыстар циклі үшін ғылым, техника және білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, медицинада үздік еңбегі үшін Америка биографиялық институтының алтын медаль иегері (Солтүстік Каролина, АҚШ). Ж.А. Досқалиев 200-ден астам ғылыми жұмыстың, 6 монографияның, 50 өнертабыстың авторы.

Э. А. Галлямов – Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина университетінің Жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі. Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері, Мәскеу Үкіметі сыйлығының лауреаты, Ресей хирургтар қоғамының мүшесі, Еуропалық эндоскопиялық урология қауымдастығының мүшесі, «Эндохирургия бүгін», «Мәскеу хирургиялық журналы» журналдарының редакциялық кеңесінің мүшесі, 400-ден астам ғылыми жұмыстардың, 5 монографияның, 20-дан астам өнертабыстың авторы.

Екі күн бойы қонақтар мен Қазақстан мен Ресейдің жетекші сарапшылары өңір мамандарымен бірлесіп жоғары деңгейдегі сараптамалық хирургияны талап ететін бірқатар күрделі операцияларды жүргізді.

Бас демеуші KARL STORZ компаниясы болды, ол трансляция жүргізуге техникалық қолдау көрсетіп, конференция қатысушыларына тренажер-симуляторларда эндохирургиялық манипуляциялардың бастапқы дағдыларын игеруге мүмкіндік берді. Конференция аясында эндохирургиялық технологияларды қолданатын хирургия бөлімдері ұсынылған көрме өтті.

23.09.2022, 17:03
605 қаралым