ПЯТИГОРСК МЕДИЦИНАЛЫҚ-ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫНДА PHD ДОКТОРАНТТЫҢ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ

Фармакогнозия кафедрасының PhD докторанты Қаржаубаева Айшабибі Дүйсенбекқызы 2023 жылдың 27 наурызымен 8 сәуір аралығында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Пятигорск медициналық-фармацевтикалық институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында «Волгоград мемлекеттік медицина университеті» филиалы Пятигорск медициналық-фармацевтикалық институтының фармакогнозия, ботаника және фитопрепараттар технологиясы кафедрасының базасында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Докторанттың ғылыми тағылымдама жоспарына сәйкес жұмыстар орындалды: тағылымдаманың зертханалық базасымен (тірі жүйелер зертханасы) танысу, диссертациялық зерттеу бағыты бойынша Пятигорск медициналық-фармацевтикалық институтының кітапханасында ғылыми және әдістемелік әдебиеттермен жұмыс; диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми мақалалар дайындау үшін ғылыми кеңесшімен жұмыс; Пятигорск медициналық-фармацевтикалық институтының фармакогнозия, ботаника және фитопрепараттар технологиясы кафедрасының зертханасында тағылымдаманың негізгі бағдарламасына сәйкес дәрілік өсімдік шикізатынан сығындылар алу және олардың жедел және созылмалы уыттылығын, сондай-ақ фармакологиялық белсенділігін анықтау; диссертациялық зерттеудің негізгі ережелері бойынша шетелдік ғылыми кеңесшінің консультацияларын алу.

Пятигорск медициналық-фармацевтикалық институтында ғылыми тағылымдамадан өту кезінде институт қабырғасында 27 наурызбен 1 сәуір аралығында ғылым апталығы өтті. Ғылым апталығында көптеген ғылыми-зерттеу конференциялары ұйымдастырылды. Докторант Ресей Федерациясының еңбек сіңірген қайраткері, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Дарья Алексеевна Муравьеваны еске алуға арналған "Қазіргі заманғы фармакогнозияның өзекті мәселелері" атты ұйымдастырылған конференцияда баяндама жасады. 

Баяндама "Saussurea L. туысының өсімдіктерінің микробиологиялық тазалығын зерттеу" тақырыбындағы зерттеу нәтижелері бойынша жасалды. Конференция барысында докторантқа сертификат табысталды.

Бағдарлама бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір бөлігі тірі жүйелер зертханасында сынақтар жүргізу болды. Тиісінше, докторант тышқандарда сынақтар жүргізу бойынша жұмысқа қатысты.
Тағылымдама бағдарламасына сәйкес докторант өзінің шетелдік ғылыми кеңесшісі профессор Коновалов Дмитрий Алексеевичпен диссертациялық жұмысының мәселелерін талқылап, ғылыми қызметтегі жалпы мақсаттар мен міндеттерді талқылады. Зерттеу жұмыстары бойынша алынған нәтижелерді қалай өңдеу керектігі, сондай-ақ ғылыми мақалаларды шетелдік журналдарға жіберу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Тағылымдама фармакогнозияның заманауи әдістерімен танысуға мүмкіндік берді. Ғылыми тағылымдама одан әрі ғылыми-зерттеу қызметі үшін өте тиімді және пайдалы болып шықты. Ғылыми тағылымдама барысында докторлық диссертацияның бір бөлігі орындалды.

13.04.2023, 12:15
406 қаралым