«Pharmacy Updates» Халықаралық Конгресі

Ағымдағы жылдың 15-18 ақпанында Шахид Бехешти атындағы Медицина университетінің Фармация мектебі (ШБМУ, Тегеран, Иран Ислам Республикасы) «Pharmacy Updates» V Халықаралық Конгресін ұйымдастырды. Конгресс аясында Иранның халықаралық студенттер мен жас ғалымдар қауымдастығы «IPharms Annual Conference» атты IV Халықаралық жас ғалымдар мен студенттер конференциясын өткізді. Форум жұмысы онлайн режимінде Skyroom және Googlemeets коммуникациялық платформаларында өтті.

Ашылу салтанатында FIP Президенті Д.Джордан, Иранның Денсаулық сақтау вице-министрі және FDA басшысы, проф. Б.Дарайе, ШБМУ ректоры, проф. А.Жали, сондай-ақ ШБМУ Фармация мектебінің директоры, фармацевтикалық ғылыми-зерттеу орталығының президенті проф. Ф.Ширази құттықтау сөз сөйледі.

Университеттің ЕАЭО елдері бойынша шетелдік серіктестерінен ОҚМА ректоры проф. М.Рысбеков, БММУ ректоры проф. В.Павлов, Ахунбаев атындағы ҚММА ректоры проф. И.Кудайбергенова, Сеченов университеті Фармация институтының зерттеу орталығының жетекшісі Е.Мельник сөз сөйледі.

Конгресс жұмысына ОҚМА-дан проф. С.Ордабаева, доц. А.Серікбаева, сондай-ақ фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының жас ғалымдары мен оқытушылары М.Мирсоатова, Е.Рахимов, Д.Алтынбек, Р.Бидайбек, Ж.Мұсабеков қатысып, баяндама жасады. Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау саласындағы кафедраның ғылыми-зерттеу бағыттары, сондай-ақ токсиканттарды химия-токсикологиялық зерттеулер шеңберіндегі жұмыстарының нәтижелері баяндалды.

Шетелдік қатысушылардың, сондай-ақ Иранның жас ғалымдарының баяндамалары қызықты болды, олар фармацевтикалық және медицина-биологиялық ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін ұсынды. Біздің әріптестеріміз А.Серікбаеваның «Пропафенонның биоматериалдан оқшаулау және идентификациялау әдістемелерін жасау» және М.Мирсоатованың «Мелоксикамды сұйықтық хроматография әдісімен химия-токсикологиялық талдау» тақырыбындағы баяндамалары үздік деп танылды.

Конгресс жұмысына Иран және шетелден 2000-нан астам қатысушы қатысып, фармацевтикалық білім мен ғылымның өзекті мәселелерін, фармацевтикалық өнеркәсіп пен бизнестің проблемаларын талқылады, болашақ ынтымақтастық пен бірлескен жұмыстардың жоспарларын белгіледі.

23.02.2022, 10:45
490 қаралым