«Pharmacy Updates-2023» Халықаралық Конгресі
Шахид Бехешти атындағы Медицина университетінің Фармация мектебі (ШБМУ, Тегеран, Иран Ислам Республикасы) ұйымдастыруымен «Pharmacy Updates» VI Халықаралық Конгресі өтті. Конгресс аясында Иранның халықаралық студенттер мен жас ғалымдар қауымдастығы «IPharms Annual Conference» атты V Халықаралық жас ғалымдар мен студенттер конференциясын өткізді. Форум жұмысы онлайн режимінде Googlemeets коммуникациялық платформасында өтті.
Конференция фармацевтикалық зерттеулердің бірнеше саласы бойынша жүргізілді, сонымен қатар студенттердің халықаралық олимпидасы да болды. «Фармация» мамандығының 5 курс студенті Әбілқайыр Аружан халықаралық пәндік олипиаданың жеңіскері атанды.
Конгресс жұмысына ОҚМА-дан проф. С.Ордабаева, доц. А.Серікбаева, сондай-ақ фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының жас ғалымдары мен оқытушылары Р.Бидайбек, Ж.Мұсабеков және Г.Бақытқызы қатысып, баяндама жасады. Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау саласындағы кафедраның ғылыми-зерттеу бағыттары, сондай-ақ токсиканттарды химия-токсикологиялық зерттеулер шеңберіндегі жұмыстарының нәтижелері баяндалды.
Биыл Академияның оқытушылары тек қана конференция қатысушылары ғана емес, сонымен қатар әділ қазылар мүшесі ретінде қатысты. Проф. С.Ордабаева, проф.м.а. А.Асильбекова және доцент А. Серікбаева конференция ұйымдастыру комитетінің ұсыныстары бойынша ауызша және постерлі баяндамаларды келесі 10 критерий бойынша бағалады: ғылыми жұмыстың өзектілігі мен жаңалығы, зерттеу әдістерінің сапасы мен саны, алынған нәтижеледі интерпретациялау және т.б. Постерлі баяндамалар алдын-ала әділ қазылар алқасына аудиожазбамен бірге жіберілді.
Біздің магистранттар мен докторанттардың, олардың ішінде Г.Бахыткызы «Determination of numerical indicators of oil extract of Artemisia cina» және Р.Бидайбек «Spectral characteristics of a new biologically active derivative of xanthine» тақырыптарындағы постерлі баяндамалар ең үздік болып танылды.
Конгресс жұмысына Иран және шетел ЖОО ең алдыңғы қатарлы ғалымдары қатысып, фармацевтикалық білім мен ғылымның өзекті мәселелерін, фармацевтикалық өнеркәсіп пен бизнестің проблемаларын талқылады, болашақ ынтымақтастық пен бірлескен жұмыстардың жоспарларын белгіледі.