Отбасылық медицина кафедрасында ғылым күні аталып өтілді
2023 жылдың 14-сәуірінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Отбасылық медицина» кафедрасында Ғылым күні аталып өтілді. Кафедра ұжымы Академияның ғылым, инновация және білім саласындағы жетістіктеріне арналған көрмеге белсенді қатысып, кафедраның қол жеткізген нәтижелерін қатысушыларға ұсынды.
Ғылым күніне орай «Отбасылық медицина» кафедрасы және «Жедел медициналық көмек және мейіргер ісі» кафедрасымен бірлесіп Шымкент қалалық №8-емханасында, «Ауруханаға дейінгі медициналық көмектің өзекті мәселелері» атты кафедрааралық ғылыми-тәжірибелік конференция және мастер-класс өткізді. Конференцияға «Отбасылық медицина», «Жедел медициналық көмек және мейіргер ісі» кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы мен резидентері және №8-емхананың дәрігерлері қатысты.
Конференцияны ОҚМА-ның ғылыми-клиникалық жұмыстар, доктарантура және магистратура басқармасының басшысы Жақсылық Алихан Алтынханович және №8-қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Избасарова Альбина Асылбековна ашып берді.
ОҚМА-ның «Отбасылық медицина» кафедрасының меңгерушісі м.ғ.к., қауым. профессор Қауызбай Жұмалы Әріпбайұлы, кафедраның ғылыми бағдарламасын іске асыру барысымен таныстырды. Одан ары «Отбасылық медицина» кафедрасының профессоры Алдешев Алмас Алдешевич, «Жүрек-өкпе реанимациясының өзекті сұрақтары» тақырыбында ауқымды баяндама жасады. Алмас Алдешевич жүрек-өкпе реанимациясының заманауи мәселелерін анықтап, шұғыл медициналық көмек, амбулаториялық жағдайда алғашқы реанимациялық көмекті көрсетудің маңызды мәселелері мен емдеу тәсілдерін ашып баяндады. Сондай-ақ, «Отбасылық медицина» мен терапевт резиденттері, анестезиолог-реаниматолог резиденттері ауруханаға дейінгі медициналық көмектің өзекті мәселелері мен амбулаториялық жағдайында шұғыл медициналық көмек көрсету тақырыбында 15 баяндама жасап, конференцияға белсенді қатысты. Баяндамалар аяқталған соң, №8-емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлері мен конференцияға қатысушыларға, ЖМКжМІ кафедрасының ассистенті Ерімбет Бекзат Мыңбайұлы шұғыл жағдайлар кезіндегі базалық жүрек-өкпе реанимациясы бойынша мастер-класс өткізді.
Конференция соңында, тақырыпқа сәйкес өзекті мәселелер сұрақ-жауап ретінде қызу талқыланып, емхана дәрігерлері өз тәжірибесімен бөлісті. Конференцияға белсенді қатысқандар алғыс хатпен марапатталды.