ОҚМА ерікті студенттері Қазақстан генетиктерінің Республикалық конференциясы жұмысына қатысты

«Қазақстанның медициналық генетиктері қауымдастығы» РҚБ мен «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ ұйымдастырған «Тұқым қуалайтын ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары» атты Қазақстанның медициналық генетиктерінің республикалық конференциясы қазан айының үшінші онкүндігінде өтті.

Ашылу рәсімі аясында: Ажар Ғиният - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі, Ембергенова Мағрипа Хамитқызы - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау Департаментінің директоры, Халықова Шахизат Жақсынбетқызы - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ана денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы, Позилов Бақытжан Жолдасбекұлы - Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы сөз сөйледі.

Конференцияға ОҚМА ерікті студенттері: Аманбай Гүлфарида, Тешебей Дулат, Жұмабай Меруерт, Мейірбекова Әсем, Оспанов Нұррахат, Тулендиев Бердірахман қатысып, конференцияны ұйымдастыру мен өткізуге айтарлықтай қолдау көрсетті. Конференция соңында барлық еріктілер «Қазақстанның медициналық генетиктері қауымдастығы» РҚБ бірінші басшысының арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

Қазақстанның медициналық генетиктері конференциясының мақсаты медициналық-генетикалық қызметті ұйымдастыруда, тұқымқуалаушылық және туа біткен патологияларды диагностикалауда, алдын алуда және емдеуде, Қазақстан Республикасында дербестендірілген медицинаны дамытуда ғылыми жетістіктермен және клиникалық тәжірибемен алмасу болды.
Конференция барысында келесі тақырыптар қозғалды: медициналық-генетикалық кеңес беру, медициналық-генетикалық қызмет; тұқымқуалайтын және туа біткен патологияларды диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың заманауи тәсілдері; тұқымқуалайтын ауруларды диагностикалаудың заманауи молекулярлық-генетикалық әдістері; тандемді масс-спектрометрия әдісімен орфандық тұқымқуалайтын ауруларды селективті скрининг; пренаталдық скрининг; дербестендірілген медицина мультифакторлы аурулардың алдын алу негізі ретінде; заманауи дәрігердің клиникалық тәжірибесіндегі медициналық-генетикалық білімі және деонтология мен үздіксіз медициналық білім беру мәселелері.
ЖОО-ның болашақ түлектері тұқым қуалайтын ауруларды емдеу мәселелеріндегі жаңа өнертабыстармен және жаңалықтармен танысты, Қазақстан мен басқа елдердің генетика саласындағы жетекші мамандарымен пайдалы байланыстармен алмасты.

16.11.2021, 15:46
483 қаралым