«Мейірімді болайықшы бәріміз» атты қайырымдылық кеші!

2022 жылдың 21 ақпан күні Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының үлкен мәжіліс залында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы және студенттік кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Мейірімді болайықшы бәріміз» атты қайырымдылық концерті өтті. Қайырымдылық концерті созылмалы лимфобластты лейкоз ауруына шалдыққан ОҚМА Жалпы медицина мамандығының 2-курс студенті Кәлім Заңғардың еміне қаржы жинау мақсатында ұйымдастырылды.

Концерт Е.Нұржанов, А.Беисов,. М.Қасқырбаев, Н.Балтақожа, Б.Сексенбеков, Б.Құрманалиев, Б.Жолдасов сынды танымал әншілердің қатысуымен өтті.

Концертке келген Кәлім Заңғардың анасы Асқар Бибігүл Абдрашидқызы ОҚМА қызметкерлері мен студенттеріне, өнерпаздарға және де қаржылай көмек көрсеткен барша жандарға алғысын білдірді.
Концерттің билеттерінен және қайырымдылықтан жиналған қаражат 1 600 000 теңгені құрады. Қаражат толығымен Кәлім Заңғарға табысталды.

Сансыз сауапқа кенелтіп, рухани рақымға бөлейтін кешке ОҚМА қызметкерлері мен студенттері қатысып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, Заңғардың тезірақ сауығып, арамызға қосылуын тіледі.

23.02.2022, 09:45
469 қаралым