«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты қалалық байқау

2022 жылдың 14 қазан күні Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген, қоғамдық белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты қалалық байқауы өткізілді.
Байқауға ОҚМА атынан медицина факультетінің 1 курс В-ПО-02-22 тобының студенттері Кураева Арзу Руслановна мен Аманова Ирода Мирмаксудқызы қатысты.
Байқауға қатысушы үміткер 3 минуттық қысқа метражды фильм дайындап, алдын-ала ұсынған болатын. Фильмде: үміткер жайында қысқаша мағлұмат, оқу орны немесе жұмыс орны туралы ақпарат, қоғамдық жұмысынан қысқаша үзінді, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі, жеткен жетістіктері жайында баяндалды. 2-кезеңде қатысушылар ұяшық таңдап, берілген тақырыпта ой толғады. 3-кезеңде мемлекеттік тілде «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында эссе жазды.
Аса тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша І орынды Аманова Ирода, ІІІ орын Кураева Арзу иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

18.10.2022, 15:20
418 қаралым