«Мамандығым-мақтанышым!» тақырыбында дөңгелек үстел

«Гигиена және эпидемиология» кафедрасының доцент м. а. С.У.Ескерованың ұйымдастыруымен 30.04.2024 жылы «Мамандығым-мақтанышым!» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында еңбек етіп жүрген «ОҚМА» АҚ «Медициналық-профилактикалық іс» және «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандықтарын бітірген түлектер, кафедраның профессор-оқытушылық құрамы, «Медициналық-профилактикалық іс» үздіксіз интеграцияланған білім беру бағдарлама сының 1-курс, «Қоғамдық денсаулық» білім беру бағдарламасының 1-4 курс және «Медицина» білім беру бағдарламасының 2 курс В-ЖМҚАБ 04-22 топтарының білім алушылары қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты халықтың денсаулығын қорғау және аурулардың алдын алу бағытындағы мамандықтардың маңызын ашу.

Дөңгелек үстел барысында алғы сөзді кафедра меңгерушісі доцент м.а. П.Д.Утепов айтып, модератор С.У.Ескерова «Қоғамдық денсаулық саласындағы мамандарды даярлаудағы медициналық-профилактикалық іс және қоғамдық денсаулық білім беру бағдарламаларының маңызы» тақырыбында баяндама жасап,оның ішінде «Медициналық-профилактикалық іс» үздіксіз интеграцияланған білім беру бағдарламасының ерекшелігіне тоқталып өтті.

Шымкент қаласы Обаға қарсы стансаның дәрігер-бактериологы А.О. Жунисова жасаған презентациялық баяндамасында білім алушыларға стансаның құрылымын, міндеттері мен атқаратын функцияларын, стансада, оның ішінде бактериологиялық зертханада еңбек ету жағдайын, биологиялық қауіпсіздік шараларын, жүргізілетін эксперимент түрлерін, аса қауіпті аурулар, оның ішінде оба, тырысқақ, Конго-Қырым геморрагиялық қызба, кене энцефалиті ошақтарында жұмыс жасау ерекшеліктерін, станса қызметкерлерінің денсаулығын қорғау мақсатында жыл сайын мақсатты вакцина алатындықтарын, сонымен бірге Обаға қарсы станса ұжымының жүргізген және қатысқан ғылыми зерттеу жобаларын айтып берді.
ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының эпидемиологы Ғ.Қ.Сыдықов білім алушылармен диалог түрінде ЖИТС орталығының атқаратын міндеттерін, АИВ анықталған және ЖИТС науқастарымен жұмыс жасау тәртібінің ерекшелігін, Шымкент қаласы бойынша жас-жыныстық және жұмыс түрлері бойынша статистиканы, клиникалық көріністерін, ауруды анықтау әдістерін, медицина мамандарының қорғануын, халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізу тәсілдерін баяндап берді, сондай-ақ әрбір адамның өз өміріне жауапты екенін айтып, жыл сайын қанға талдама жасап отыруға шақырды.

Шымкент қаласы Тұран аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы А.Жүнісбай дөңгелек үстелге қатысушыларға санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің құрылымын, міндеттері мен атқаратын функцияларын, сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің құқықтарын, міндеттерін, коммуникативтілігін, инновациялық технологияларды меңгеруін және басқа органдармен жұмыс жасау тәртіптерін, әкімшілік құқық бұзушылықтарды тәжірибелік мысалдар келтіре отырып баяндады.
Өз кезегінде «Медициналық-профилактикалық іс» мамандағының түлектері: ОҚМА Медицина факультетінің декан орынбасары Г.З.Муталипова білім алушыларға академия қабырғасында білім алғанын, осы оқу орнында магистратурада оқып, қазіргі кезде «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасының докторанты екенін баяндап, білім алушыларға білім беру бағдарламаларына сәйкес денсаулық сақтау, білім беру және ғылым салаларында еңбек етуге мүмкіндіктерінің бар екеніне тоқталып өтті.
Медицина докторанты З.К.Авизова «Моя профессия - моя гордость»» тақырыбындағы презентациясында дөңгелек үстелге қатысушыларға академияда «МПІ» мамандығы бойынша білім алып, «Медицина» білім беру бағдарламасымен магистратураны аяқтап, қазіргі кезде мемлекеттік грантпен Батыс Қазақстан медицина университетінде докторантурада білім алып жатқанын, ғылыми зерттеу тақырыбының өкпе қатерлі ісігінің профилактикасына арналғанын, себебі профилактикалық медицина маманы ретінде халық арасындағы кең таралған дерттің алдын алу мен күресуге бағытталғанын, халықаралық дәрежедегі басылымдарға ғылыми мақалалар жариялайтынын атап өтті, сонымен қатар емдеу мекемесінде эпидемиолог, кейін «Гигиена және эпидемиология» кафедрасында оқытушылық қызмет атқарып, ағылшын тілінде шет ел студенттеріне сабақ бергенін баяндап, білім алушыларды заман ағымына сай ағылшын тілін және технологиялық-коммуникацияларды меңгеруге, ғылыммен айналысуға шақырды.
Мамандар білім алушыларды мәліметтерімен қызықтыра білді, өз кезегінде білім алушыларда мамандарға қатысты қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. Дөңгелек үстел соңында кафедра меңгерушісі П.Д.Утепов қорытындылап, модератор С.У.Ескерова барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

13.05.2024, 17:38
304 қаралым