Кезекті визитинг нәтижелері
9.03.-15.03.2018ж. аралығында «Астана» медициналық Университеті фармацевтикалық пәндер кафедрасының меңгерушісі, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Шүкірбекова Алма Боранбековнаның кезекті іс-сапары ОҚМА фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының базасында болып өтті.
Шүкірбекова А.Б. токсикологиялық химия бойынша типтік оқу бағдарламалары, халықаралық және республикалық деңгейдегі 3 ғылыми-техникалық жобалар авторы, «Фармация Казахстана» журналы редакциялық кеңесінің мүшесі болып табылады. Сонымен қатар, Алма Боранбековна токсикологиялық химия бойынша оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.
Біздің академия қабырғасында студенттер мен магистранттарға жедел токсикологиядағы химия-токсикологиялық зерттеулер ерекшелігі мен адам және жануар ағзасындағы ксенобиотиктер биотрансформациясы жайлы дәрістер оқыды. Молекулярлы токсикология бойынша дәрістер: молекулярлы нысаналардың рецепторларымен әсерлесуі, уыттылық рецепторларының жіктелуі, кейбір дәрілік заттар биотрансформациясын реттейтін CYP2D6 негізгі ферментіне тікелей байланысты генетикалық полиморфизм сияқты тақырыптар өте қызықты болды.
Профессор Шүкірбекова А.Б. «Биоаналитикалық химия және токсикология» элективті пәні бойынша лабораториялық сабақтар мен СӨЖ-ге қатысты. Студенттермен бірге анаболикалық андрогенді стероидтардың допинг-талдауы, WADA-ның допинг-талдауға, лабораториялар аккредитациясы мен зерттеулер жүргізу тәртібіне қойылатын талаптар жайлы талқылады. Допинг талдауда қолданылатын аналитикалық әдістердің заманауи жағдайы мен даму перспективалары және алынған нәтижелерді интерпретациялау мәселелері қарастырылды.
ЖОО-серіктестіктің ынтымақтастығы аясында әрі қарай жұмыстарды жалғастыру бойынша фармацевтикалық сала үшін жоғары білікті мамандарды даярлау, бірлескен жұмыс бағдарламаларын жасау мүмкіндігі мен ғылыми-техникалық жобаларды жасау туралы мәселелер талқыланды.
Академия басшылығы мен кафедралар ұжымы профессор А.Б. Шүкірбековаға тәжірибе алмасу бойынша нәтижелі жұмыс өткізгені үшін шынайы алғысы мен фармацевтикалық білім және ғылым аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға сенімін білдіреді.