IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция "Фармакологияның өзекті мәселелері: дәрі-дәрмектерді әзірлеуден бастап оларды ұтымды пайдалануға дейін"
ОҚМА профессор-оқытушылар құрамының тобы 2023 жыл 26-27 қазанда Өзбекстан, Бұхара қ., Әбу Әли Ибн Сино атындағы Бұхара Мемлекеттік медицина институтында "Фармакологияның өзекті мәселелері: дәрі-дәрмектерді әзірлеуден оларды ұтымды қолдануға дейін" атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға белсенді қатысты.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Украина, Қытай, Тәжікстаннан фармация және медицина саласындағы танымал мамандар, сондай-ақ Өзбекстанның медициналық жоғары оқу орындары мен фармацевтикалық компанияларының өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылуында ОҚМА ұжымы атынан фармакология, фармакотерапия және клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі, профессор м.а. Токсанбаева Ж.С. құттықтау сөз сөйлеп, ЖОО басшылығы мен ұжымына осындай ауқымды халықаралық конференцияны ұйымдастырудың жоғары деңгейі мен жылы қабылдауы үшін зор алғысын білдірді. ОҚМА басшылығы атынан Әбу Әли Ибн Сино атындағы БМПИ ректоры, профессор Ш.Ж. Тешаевқа естелік кәдесый табысталды.
Халықаралық форумның негізгі бөлігі секциялық отырыстарда өтті, онда фармация, фитотерапия, фармакология және клиникалық фармакология, фармакотерапия, фармакогнозия, фармакогенетика, фармакоэкономика және халықтық медицинаның өзекті мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды.
"Фармакология, клиникалық фармакология, фармакотерапия, фармакогенетика, фармакоэкономика" секциялық отырысында ОҚМА өкілдері өз баяндамаларын жасады, сонымен қатар осы секцияның модераторы болған қауымдасқан профессор Тоқсанбаева Ж.С. "Гепатопротекторлық жинақтың өткір уыттылығын анықтау" тақырыбында баяндама жасады, кафедра доценті Ибрагимова А.Г. онлайн форматта "Фармацевтикалық кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламаларында медициналық-биологиялық және клиникалық мазмұндағы пәндерді талдау" тақырыбында баяндама жасады, сонымен қатар «Фармакология, фармакотерапия және клиникалық фармакология» кафедрасының магистранттары Кулбаева М.М. және Туреханова А.С. өз баяндамаларын ұсынды.
"Фармация, фитотерапия, фармакогнозия, халық медицинасы" секциялық отырысында фармакогнозия кафедрасының меңгерушісі, қауымдасқан профессор Орынбасарова К.К. және қосымша баяндамашы - осы кафедраның "Фармация" білім беру бағдарламасының 3 оқу жылы докторанты Қаржаубаева А.Д. "Saussurea alpina DC. өсімдігінің тауарлық көрсеткіштерін анықтау» тақырыбында баяндама жасады.
Жалпы, конференция Өзбекстан, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Тәжікстан және Қытайдың танымал және жас ғалымдары, мемлекеттік құрылымдар мен фармацевтикалық бизнес өкілдері үшін ғылыми және білім беру сипатындағы өзекті мәселелер талқыланған белсенді алаңға айналды.