Ғылыми-практикалық конференция платформасындағы халықаралық серіктестік

Ағымдағы жылдың 25-26 қарашасында ОҚМА оқытушылары Ташкент фармацевтикалық институтының 85 жылдығына арналған «Фармацевтика саласының қазіргі жағдайы: мәселелері мен болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты. Конференцияға АҚШ, Ұлыбритания, Венгрия, Қытай, Түркия, Үндістан, Ресей Федерациясы, Украина, Қазақстан және т. б. мемлекеттерінің медициналық және фармацевтикалық жоғары оқу орындары қатысты.

Фармация факультетінің деканы Г. Ж. Өмірзақова құттықтау сөз сөйлеп, ОҚМА ректоры М.М. Рысбековтың атынан естелік сыйлықтар табыс етті.

Пленарлық жиналыстағы баяндамасында профессор С. К. Ордабаева аудиторияны фармация мамандығы бойынша академияда жүзеге асырылып отырған білім беру бағдарламаларымен: еңбек нарығы мен өңірлік приоритеттердің қажеттіліктеріне байланысты барлық деңгейдегі жаңа БББ жасау және қолданыстағы БББ жетілдіру, халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялау, білім алушылардың жеке тұлға ретінде дамуы мен білім алулары үшін жағдай жасау, академияның ғылыми потенциалын дамыту, заманауи медициналық технологиялық инфрақұрылымын жасаумен таныстырды.

"Сот және клиникалық токсикология" секциялық отырысында фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының доценті А. Д. Серікбаева "Биоаналитикалық химия және токсикология" пәні бойынша ғылыми-бағытталған оқыту әдісін енгізу тәжірибесімен, сондай-ақ кафедрадағы басқа да белсенді оқу әдістерімен бөлісті. Фармация магистрі Ж. Т. Мұсабеков аудиторияны биологиялық сұйықтықтан оқшауланған амлодипиннің сұйық хроматография әдісімен анықтаудың ғылыми зерттеулері нәтижелерімен таныстырды. Аудиторияны кафедраның материалды-техникалық базасы және білім алушылардың кәсіби құзыреттіліктерін дамыту үшін жасалған қолайлы жағдайлар қызықтырды.

Конференцияның екінші күні профессор С. К. Ордабаева ОҚТЕ технологияларымен білім алушылардың практикалық дағдыларын аттестаттау бойынша мастер-класс өткізді. Аудиторияны студенттердің практикалық дағдыларын бағалау технологиясы қызықтырды, олар әр кезеңнің бөлімдері, бағалау критерийлері және т.б. бойынша туындаған сұрақтарға толық, нақты жауаптар алды.

Фармация факультетінің деканы, PhD Умурзахова Г.Ж., ФІҰжБ кафедрасының меңгерушісі, профессор Шертаева К.Д. және кафедра доценті Өтегенова Г.И. білім алушыларды критериалды бағалау, фармацевтикалық индустрияны дамытудың эффективті механизмі ретінде кластер құру, фармацевтикалық ұйымдар үшін бизнес-модель жобаларын жасау, тиімділіктің тұжырымдамалық бағасын құрудың әдістемелік тәсілі, 5м моделі негізінде "дәріхана-тұтынушы" байланысын басқару бойынша ТашФармИ оқытушылары мен студенттеріне арналған мастер-класс өткізіп, дәрістер оқыды.

Конференция жоғары деңгейде өтіп, фармацевтикалық білім беруді реформалау, өнеркәсіптік фармация, фармацевтикалық қызметті басқару мәселелері және дәрілік саясаттың басым бағыттары, дәрілік заттардың сапасын бақылау, стандарттау және сертификаттау, жаңа дәрілік препараттарды жасау және т. б. бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Жақын және алыс шет елдердің жетекші ғалымдары проблемалық мәселелерді талқылап, фармацевтикалық білім мен ғылым саласындағы стратегиялық жоспарларға қол жеткізу үшін жаңа ынтымақтастықтар жасай алды.

30.11.2022, 13:09
443 қаралым