ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМДІ ДАМЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ

Осы жылдың 4 қарашасында кафедрада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының құрылғанына 40 жыл толуына арналған «Фармацевтикалық ғылым мен білімді дамытудың заманауи тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Конференция жақын және алыс шет елдердегі кафедраның барлық серіктестерінің қатысуымен онлайн режимде өтті.
ОҚМА ректоры, профессор М.Рысбековтың құттықтау сөзінен кейін кафедраның құрылу, қалыптасу және даму тарихы туралы деректі фильм ұсынылды.

Одан әрі конференция қатысушыларын ОҚМА бірінші ректоры, фармацевтикалық химия кафедрасының алғашқы меңгерушісі, профессор Е.Тегісбаев, сонымен қатар кафедраның дамуына зор үлес қосқан «Астана» МУ профессоры Т.Арыстанова құттықтады.

Сеченов университеті фармация Институты директоры, профессор Г. Раменская, Ш.Бехешти атындағы медицина университеті фармация Мектебінің директоры Ф.Ширази, Башқұрт мемлекеттік медицина университеті фармацевтикалық химия токсикологиялық және аналитикалық химия курсымен кафедрасының меңгерушісі Клен Е.Э., Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының фармакогнозия және дәрілік заттар химиясы кафедрасының меңгерушісі Мурадалиева А.Д., Абу али ибн Сино атындағы Тәжікстан мемлекеттік медицина университеті фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының меңгерушісі Навруззода Г.Ф. өздерінің құттықтау сөздерінде біздің кафедрамен ынтымақтастықтары нәтижелерін атап өтті.

ОҚМА фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының меңгерушісі, профессор С.Ордабаева кафедраның өткені, бүгіні және болашағымен бөлісіп, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы жетістіктерге, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды.

Конференцияда синтетикалық және табиғи жаңа препараттар жасау, олардың сапа спецификациясын жасау және стандарттау, FTIR-спектроскопиясын қолдану арқылы мақсатты зерттеулер, фармацевтикалық кәсіпорындардағы жұмыс аймақтарының гигиеналық мониторингі және т.б. ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша 40 аса баяндамалар ұсынылды.

Конференцияның өзекті бағдарламасы, баяндамашылардың жоғары деңгейлері, заманауи ұйымдастыру технологиясын қолдану конференцияның сәтті өтуінің кепілі және негізі болып табылды.

Конференция әр түрлі елдердің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берді, ОҚМА кейбір серіктес жоғары оқу орындары өкілдері жемісті ынтымақтастықтың нәтижелерін атап өтсе, басқалары фармация саласындағы ғылыми зерттеулер бойынша ынтымақтастықтың жаңа жоспарларын алға тартты.

16.11.2021, 12:43
609 қаралым