Эразмус+ бағдарламасы аясында академиялық ұтқырлықты жүзеге асыру
Еуропалық Кеңес Эразмус+ бағдарламасының қаржыландыруымен 03.06-13.06.2018 ж. аралығында Гданьск медицина университетінің базасында (ГМУ, Польша Республикасы) біздің академия профессоры С.К. Ордабаева мен фармация магистрі Е.Қ. Орынбасаровтың академиялық ұтқырлық аясындағы бағдарламасы өте қарқынды және жемісті өтті.
Бағдарлама университеттің ғылыми жұмыстары жөніндегі проректоры, профессор Т.Бачек басқаратын ГМУ фармацевтикалық химия кафедрасында білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша тәжірибе алмасуды қамтыды.
Оқытушылар кафедраның ғылыми бағыттары: фармацевтикалық және биомедициналық талдау (дәрілерді талдау, аминқышқылдардың биомаркерлерін, стероидты қосылыстар мен биогенді аминдерді зерттеу) және медициналық химия (биологиялық белсенді қосылыстардың метаболикалық тұрақтылығы, молекулалық модельдеу, хемометриялық зерттеулер, медицинада 3D-принтингтің қолданылуы) зерттеулерімен танысып қана қоймай, сонымен бірге эксперименталдық зерттеулерге қатысты.
Ұтқырлық бағдарламасы аясында С.К.Ордабаева мен Е.Қ. Орынбасаров ОҚМА, атап айтқанда фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының, білім және ғылыми зерттеу қызметтерімен таныстырды. Қазақстан өсімдік шикізаттары негізінде фитопрепараттар жасау мен стандарттау бойынша зерттеулері, сонымен қатар токсикологиялық маңызды заттар зерттеуі ерекше қызығушылық туындатты.
Фармацевтика факультеті деканы, биофармация және фармакокинетика кафедрасының меңгерушісі, профессор М.Маркушевскиймен кездесу өткізілді, онда болашақ студенттер мен магистранттардың алмасуы туралы мәселелер талқыланды.
Токсикология кафедрасының ғылыми қызметі және жабдықталуымен танысып, кафедра меңгерушісі профессор Б.Вильгомаспен магистрлік және докторлық диссертацияларды бірлесе басқару мәселелерін талқылады.
Фармацевтикалық микробиология кафедрасында, кафедра меңгерушісі К.Валерон кафедраның ғылыми бағыттары туралы баяндап, жабдықталуымен таныстырды, ортақ ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруда біздің микробиологтармен ынтымақтасуға ниет білдірді.
Профессор М.Краузе-Барановска басқаратын фармакогнозия кафедрасы да білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының аясында ынтымақтастық үшін ниетті. Кафедра қызметкерлері фармацевтика факультетінің корпусында ботаникалық бақ ұйымдастырған, бақ сондай-ақ студенттер мен оқытушыларға арналған демалыс орны болып табылады.
Микробиология кафедрасының меңгерушісі профессор М. Валерон таныстырған Гданьск университетінің Биотехнология институты ерекше әсер қалдырды. Институттың заманауи құралдармен жабдықталған оқу-зерттеу корпусы, оқу аудиториялары мен зертханалары, сабаққа дайындалуға арналған бөлмелер және соңғы технологиялармен жабдықталған студенттерге арналған демалыс бөлмелері студенттерді табысты оқып-үйрену және оқытушылардың мансаптық өсуінің алғышарты болып табылады.
Визитинг аясында студенттер, оқытушылармен алмасу, магистранттардың тағылымдамадан өтуі, бірлескен зерттеулер, магистранттар мен докторанттарға басшылық жасау мәселелері және т.б. мәселелер бойынша әрі қарай ынтымақтастықтың жалғасуы талқыланды.
Бізді қабылдаған ГМУ халықаралық қатынастар басқармасы мен фармацевтика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы: Т.Бачек, М.Маркушевский, Б.Вильгомас, К.Валеронға бағдарлама алмасудың табысты және жемісті өткендігі және қонақжайлылығы үшін алғысымызды білдіреміз.