Екінші дем ашылғанда немесе ОҚМА-да өткен ардагерлер күні

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының басшылығы «Халықаралық қарттар күніне» орай еңбек ардагерлері үшін мерекелік дастархан жайды. Академия ректоры Рысбеков Мырзабек Мырзашұлы қарттар күнінің шығу тарихын, жастардың үлкендерді сыйлауы, оқу орнының алдыңғы қатарлы ғалымдары туралы айтып өтті. Қатысушыларды құттықтап, денсаулық пен керемет көңіл-күй тілей отырып, бұл мерекенің биыл ғана емес жылда дәстүрлі түрде тойланып тұруы қажет екендігін айты. 

1226 1

Профессор Н.Ж. Орманов (Ардагерлер Кеңесінің төрағасы), Б.А.Сағындықова, О.К.Құлакеев, Ю.М.Мусаев, Қ.Е.Сисабеков, доцент Б.О. Торланова, Б.Ж.Көлбаева, Қ.Ж.Құдабаев, А.А.Алдешев, латын тілі мұғалімі А.Н.Қасымбекова, бас инженер Е.Ордабекұлы және т.б. алдыңғы буын ардагерлер Қазақстанның денсаулық сақтауы және медицина саласындағы кадрларды дайындау мәселесі, академия қабырғасында үнемі кездесіп тұру, классикалық медициналық білім беру, қарт адамдардың тән саулығымен қатар адал жеткен зейнеткерліктен кейінгі де қызметі мен жер бетіндегі ең мейірімді мамандық жайында сөз қылды.

ОҚМА-дағы ардагерлер кеңесі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ұйым зейнеткерлікке шыққан ардагерлерді, егде жасқа жеткендерді, медициналық көмекке мұқтаждар мен ұжымдағы қолдау-көмекке мұқтаждардың барлығын қадағалауға тырысады. Профессор Г.А.Душанова атап өткендей, ДДСҰ қарт адамдарды үлкен еңбекке қабілеттілердің қатарына жатқызуға шақырады, өйткені олар әлі де елдің экономикасын дамытуда еңбек еткілері келеді. Бастысы бір күнде қарттар мерекесі халықаралық дәрігерлер күнімен бірге келіп отыр. Бәріне белгілісі: дәрігер – мақтаныш тұтатын мамандық. 

25 жыл бойы оқу орнымыздағы неврология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған Г.А.Душанова бірнеше жоғары классты профильді мамандарды өсірген. Өз сөзінің соңында ректорға ұйымдастырған мерекелік іс-шараға өз алғысын білдірді.

 

Р.Шаймерденова және

Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы

03.10.2018, 08:52
367 қаралым