ДУАЛЬДЫ ОҚЫТУ: ТӘЖІРИБЕ-МӘСЕЛЕЛЕР-ПЕРСПЕКТИВАЛАР
«Фармацевттік өндірістің технологиясы» кафедрасының аға оқытушысы Бахтиярова Балжан Алмаханбетқызының ұйымдастырумен «Дуальды оқыту: тәжірибе-мәселелер-перспективалар» атты әдістемелік семинар өтті.
Әдістемелік семинар аралас форматта (офлайн, онлайн) жүргізілді. «Зерде Фито» ЖШС өндіріс бөлімінің басшысы Жуматаев М.Ж., «Фито Апифарм» ЖШС таблеттеу цехының мастері Өтей Н.С., «Santo» АҚ оқу орталығының мамандары, тіркеу бөлімінің басшысы Сыздыкова С.А., «Фармация» факультеті декан орынбасары Сапақбай М.М., әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Рашева Б.М. және кафедраның профессор оқытушылар құрамы қатысты.
Дуальды оқыту жүйесі дегеніміз - теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы.
Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық – кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау.
Әдістемелік семинар барысында дуальды оқыту жүйесін енгізу қандай этаптан тұратындығы, өндіріс орнына сабаққа жіберілетін білім алушы саны, сонымен қатар этикалық сұрақтар (оқу жүктемесінің бөлінуі, төлем жасау мәселесі), бағалау жүйесі бойынша сұрақтар талқыланды. Сонымен қатар өндіріс орнының өкілдері өз ойларымен бөлісіп, дуальды оқыту жүйесін енгізу үшін толығымен қолдайтындықтарын атап өтті.
2022-2023 жылдан бастап дуальды оқыту жүйесін енгізу мақсатында «Santo» АҚ оқу орталығында «Химия технологиялық процесстерді басқару жүйесі» пәні (4 курс) бойынша сабақ өтіліп келеді.
Дуалдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз.