Дәрігер интерндердің ғылыми білім сайысы

«ОҚМА» АҚ жұқпалы аурулар және дерматовенерология кафедрасынан 2022-2023 оқу жылының күзгі семестрінде 44 топ ЖТД өтті. Дәрігер интерндерге білім беру ЖББ (жобаға бағытталған білім беру) бойынша 4 ғылыми конференция жүргізілді. Кезекті IЖТДО 41,42,43,44-22 топтарымен 2022 жылғы 23 желтоқсанда ЖТД арасында алғаш рет ғылыми білім сайысы ұйымдастырылды.
Білім сайысын кафедра меңгерушісі м.ғ.к., проф. Г.Абуова алғысөзбен салтанатты ашты. 41,43-22 топ дәрігер интерндері «ЖРВИдан әлем және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдаят» тақырыбына баяндама, авторлық куәлікке ұсынылып отырған «Жұқпалы ауруларды ажыратпалы диагностикалау бойынша синдромдық алгоритмі» тақырыбына хабарлама жасады.
Сайыс командалық сәлемдесу, бейнебаяндық таныстыру, эмблема қорғау, білім ағашы, викторина, капитандар сайысы, командалық жарыс (ситуациялық есепті шешу), бейнебаяндық патогенез, оқытушылардан сұрақ, шығармашылық сайысы айдарларынан тұрды. Дәрігер интерндер құрастырған жұқпалы аурудың қоздырғышы мен түрін табу бейнебаяндық патогенезі мен тамылжыта «Өзбек биін» билеген өнерлері әділқазыларды тамсандырып, талабынан шықты.
Сайыста ғылыми бағыттау мен бәсекелестік, клиникалық-тәжірибелік білім беру әдістері ұштастырылды.
Дәрігер интерндер сайыста «Жұқпалы аурулар» пәнінен тәжірибелік сабақ, интерннің оқытушымен өзіндік жұмыстары, бөлімшелердегі клиникалық жұмыстары, тәжірибелік дағдылар орталығында шыңдалган машықтарын, білімдерін, ғылыми үйірмеде игерген жаңалықтарын толыққанды қолдана білді.
Сайыс қорытындысы бойынша қатысушыларға орындар тағайындалып, мақтау қағаздары мен сыйлықтар ұсынылды.
Болашақта да ғылыммен негізделген бәсекелестік білім беру әдісін жетілдіру арқылы білім беру сапасын жақсартуды көздейміз.

27.12.2022, 09:59
794 қаралым