БЕЛСЕНДІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІН ҚОЛДАНА ОТЫРЫП ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ ӨТКІЗІЛГЕН АШЫҚ ДӘРІС

2022 жылдың 25 наурыз күні, сағат 09.00 фармакогнозия кафедрасында 6В10106 «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша 3 курс В-ФҚ-03-19; В-ФҚ-04-19 топтары студенттеріне «Фармакогнозия» пәнінен «Құрамында антрацентуындылары және олардың гликозидтері бар дәрілік өсімдіктер мен шикізаттар» тақырыбы бойынша қашықтықтан оқытудың белсенді әдістерін қолдану арқылы ашық дәріс өткізілді.
Дәрісті фарм.ғ.к. профессор м.а. Орынбасарова К.К., б.ғ.к., Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің биология кафедрасының доцент м.а., Мамыкова Р.У. және «Зерде» дәріханасының фармацевті – Әтем Ұ.Н. бірлесіп өткізді.

Бір күн бұрын студенттерге дәріс тақырыбы бойынша алдын-ала үлестірме материалдар WhatsApp чатына жіберіліп, сол бойынша өздерін қызықтыратын сұрақтар дайындалды. Студенттердің жіберген сұрақтары олардың мағыналық мазмұнына қарай лектор тарапынан іріктеп алынды. Материалды таныстыру әрбір сұраққа жауап ретінде емес, тақырып мазмұнын ашатын бір-бірімен байланысқан сұрақтардан қалыптастырылды, соған қарай дәріс жоспары құрылды.
Студенттерді антрацентуындыларының өсімдік әлемінде таралуы, аталған биологиялық белсенді заттар (ББЗ) тобы бар дәрілік өсімдік шикізатының (ДӨШ) пайдалану жолдары, сонымен қатар басқа да көптеген мәселелер қызықтырды.
Бұл дәріс пресс-конференция ретінде өтіп, дәріс барысында биолог Мамыкова Р.У. студенттерге антрацентуындыларының ДӨШ-да жиналуы, оның халық шаруашылығындағы маңызы туралы айтып берді. Ал фармацевт Әтем Ұ.Н. өз кезегінде, құрамында осы ББЗ тобы бар дәрілік заттардың фармакологиялық белсенділігі, олардың жанама әсерлері туралы түсіндірді.

Құрамында антрацентуындылары бар ДӨШ-ның физика-химиялық қасиеттері, бөліп алу әдістері және сапалық талдауы туралы студенттерді қызықтыратын сұрақтарға бас лектор фарм.ғ.к. Орынбасарова К.К. жауап берді.
Дәріс барысында фотоэлектроколориметрия әдісі арқылы антрацентуындыларын сандық анықтау бойынша бейнеролик көрсетіліп, ол өз кезегінде жаңа тақырыпты жақсы түсінуге ықпал етті.

Жаңа білімді бекіту және өткен сабақтарды қайталау үшін алдын ала дайындалған сұрақтары бар бағдарлама – Quizizz пайдаланылды.

Осылайша, дәріс барысында жеткілікті қысқа мерзімде зерттелетін тақырыптың барлық аспектілерін қозғауға мүмкіндік туды, сонымен қатар әр студент өз сұрақтарына жауап таба алды. Дәріс өткізушілердің жоғары кәсібилігінің арқасында нақты уақыт режимінде теория мен тәжірибені салыстыруға мүмкіндік туды.

31.03.2022, 12:34
452 қаралым