«Балалар мен ересектердегі онкогематологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік семинар
Балалар мен ересектердегі гематологиялық және онкогематологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мәселелері Қазақстан Республикасында өзекті мәселе болып табылады. Осыған орай 2023 жылдың 22 қыркүйегінде «ОҚМА» АҚ, «Педиатрия-2» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы кафедра меңгерушісі, профессор Г.Е. Бектенованың жетекшілігімен «Балалар мен ересектердегі онкогематологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеудің өзекті мәселелері» тақырыбында үлкен мәжіліс залында ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді. Бұл іс-шара Дүниежүзілік лейкозбен күрес күніне орайластырылды.
Семинарға Түркістан облысы, Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының тәжірибелік дәрігерлері, сонымен қатар ОҚМА оқытушылары, резиденттері және интерндері қатысты. Шымкент қаласының бас штаттан тыс гематологы Г.А.Сағындықовтың баяндамасы онкогематологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мәселелеріне арналды.
«Педиатрия-2» кафедрасының ассистенті А.М.Уанов «Лимфаденопатия – жеке ауру немесе әртүрлі аурулардың маңызды диагностикалық симптомы», «Дәрігерлік тәжірибеде анемияны диагностикалау және емдеу» тақырыптарында баяндамалар жасады. Семинар соңында онкогематологияның тәжірибелік сұрақтары мен мәселелері қызу талқыланды.