Армысың әз –Наурыз!

Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді.

Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады.

Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан  - ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен,ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.

2015 жылы  Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Шымкент қаласы, «Советский»мөлтек ауданында орналасқан «Бауыржан» балалар үйінде ерекше тойланды. Оған мұрындық болғандар – ОҚМФА «Гигиена-2» кафедрасының ұжымы мен ОҚМФА-ның белсенді студенттері. Кафедра ұжымы мен студенттер «Бауыржан» балалар үйіне барып, тағдырдың талқысына ерте түскен жетім балаларға көмек көрсету, олардың көңілін аулау мақсатында  ОҚМФА деңгейінде мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Мерекелік кештің шымылдығын «Гигиена-2» кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к., доцент м.а. Ескерова С.Ө. ашып, балалар үйінің ұжымы мен бүлдіршіндерді Наурыз мейрамымен құттықтады.

Мерекелік іс-шараға қонақ ретінде ОҚМФА медициналық факультеті «мейірбике ісі» мамандығы бойынша декан орынбасары Мұсаева С:Қ, «қоғамдық денсаулық сақтау» 1-3 курс мамандықтары бойынша декан орынбасары Толебаева Г.Е және ОҚМФА студенттік кәсіподақ төрайымы Баймбетова Б.С қатысты.

Іс-шараны ОҚМФА 404 Б ҚДС және 411 Б ҚДС тобының студенттері Амирбек А мен Шамиев М жүргізді. Мерекелік кешті балалар үйінің 57 тәрбиеленушілері үшін ОҚМФА–ның белсенді студенттері  көтеріңкі көңіл күй, әсем ән, сәнді бимен өткізуге атсалысты.

Әрине, Наурыз мейрамын халқымыздың ұлттық ойындарысыз елестету мүмкін емес. Студенттер бүлдіршіндерді түрлі ойындар ойнатып («сиқыр таяқ, белбеу тастау», «кім тапқыр» және «сақина тастау» т.б.), қабақтарының мұзы ерімейтін сәбилердің көңілін аз уақытқа болса да жібіткендей болды.

«Кім тапқыр» ойынында тәрбиеленушілер халқымыздың төл мерекелерін, ұлттық ойындарын, ұлттық киімдерін және ұлттық тағамдарын айтып, дұрыс жауап берген бүлдіршіндер кафедра ұжымы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік кеш соңында «Гигиена-2» кафедрасының ұжымы «Бауыржан» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту-таралғы жасап , олардың болашаққа деген сенімдерін нығайтты. Өздеріне қажетті түрлі құрал-жабдықтар мен киім-кешектер,мектепке жарайтын дүниелер бәрі-бәрі бүлдіршіндерді шабыттандыра түсті.

«Бауыржан» балалар үйінің меңгерушісі сөз алып , кафедра ұжымына алғысын білдірсе,бүлдіршіндер ән айтып ,би билеп,өнерлерін көрсетті.

Біз секілді,ислам дінін ұстанып келе жатқан ата-бабамыз да «Жетім көрсең, жебей жүр» деп осы тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Бұл игі істі қолға алған «Гигиена -2» кафедрасы қайырымдылық шарасын алдағы уақытта да үзбей ұйымдастыруды көздейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жетім балаларға қамқорлық жасайтын, жағдайларына қарайласатын, қоғамның тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтары бар елдің ғана болашағы жарқын, тәуелсіздігі тұрақты болмақ!!

 

25.03.2015, 23:31
738 қаралым