«Алғыс айту -парызым» атты мерекелік іс шара
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.
Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті.
Алғыс айту күні – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні.
Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14 қаңтарында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.
Қазақстанда өмір сүретін халықтар үшін көктемнің алғашқы күні "Рахмет" сөзімен басталады. Еліміздегі әрбір этностың бастан кешкен тағдыры олардың діліне де әсер етіп, ортақ құндылықтар мен мұраттарды қалыптастырды.
Осы орайда «Қазақстан тарихы және әлеуеттік-қоғамдық пәндер» кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен «Алғыс айту -парызым» атты мерекелік іс шарасы өткізілді.
Іс шараның басты мақсаты: – Қазақ жерінде тарихтың тәлкегі мен қилы заманда өз Отандарынан еріксіз түрде қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында қиындық пенен жеңісті күндерін бірге өткізіп,тату-тәтті өмір сүріп отырған Қазақстан азаматтарының Алғыс айту күнінің мағынасын түсіндіру, олардың бойында толеранттылық пен өзге де ұлыстардың мәдениетіне құрметпен қарауды қалыптастыру.
Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының Ән-ұранымен басталды.
Түрлі ұлт өкілдерінің білім алушылары Қазақстан халқына деген жүрек жарды алғысын білдірді. Іс-шараға қатысушылар халық күйлері мен әндерін орындап, ұлттық ойындарға қатысты. ЖМқ-10-23-тобының білім алушылары Паша Асуман және Маликова Анельдің орындауында «Балбырауын » күйі, «Ялла» би тобының орындауында өзбек халқының ұлттық биі, Стқ- 01-23 тобының студенті Бекмұрат Балжанның орындауында «Алғыс» әні, ЖМШБ 2-23 тобының студенті Muhammad Muntazir орындауында «Алғыс» поэзиясы, В-ФӨТҚБ-03-22 тобының студенттері Иман Толқын мен Мәлік Балнұрдың орындауында «Мереке» әні, ЖМШ- 06-22 тобының студенттерінің орындауында «Манипур» ұлттық биі, «Элит» би тобының орындауында заманауи қазақ биі орындалды. Мерекелік концерт білім алушылардың бір-бірімен жақын танысуына өз септігін тигізе білді.
Іс - шара арқылы академиядағы шетелдік білім алушылар «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесі, қазақ елінің мәдениеті, әдет - ғұрпы, тарихы туралы жаңа мағлұматтармен таныс болды. Алғыс адамға күш-қуат, белсенділік, болашаққа деген сенімділік береді. Сондықтан еліміздің жастары әрдайым алғыс алып жүрулері керек. Осылайша алғыс айту күні түрлі мәдениет пен патриотизмнің мерекесіне айналды.