Академия қабырғасында жас ғалымдардың қалыптасуы

Осы жылдың сәуір айының 7 жұлдызында фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ұйымдастырумен Ғылыми қызметкерлер күніне арналып жыл сайын өткізілетін кезекті екінші постерлі баяндамалар конкурсы өткізілді.

Ұлы Абайдың «Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген қара сөздері конкурс  атауын айқындап ашып берді.  

Әділқазылар алқасына кафедраның ғылыми-зерттеу бағыттарына сай фармация мен медицинаның заманауи өзекті сұрақтары қамтылған 10 баяндамалар ұсынылды. Баяндамалар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде дайындады. 

Постерлі баяндамалар келесі талаптар бойынша бағаланды: жұмыстың өзектілігі мен ғылыми жаңалығы, зерттеудің шынайылығы, постер мазмұнының сапасы мен иллюстративтілігі, материалды меңгеру деңгейі мен студенттің жұмысқа қосқан өзіндік үлесі.

Барлық баяндамалардың өзіндік ерекшеліктері мен жетістіктерінің болуы қазылар алқасының жеңімпазды анықтау жұмысында үлкен қиындық туғызды.

Баяндама тақырыптары кең таралған дәрілік препараттар, атап айтқанда, метронидазол, бисопролол, кетотифен және т.б. сапасын бақылау әдістерін жетілдіруге арналған мәселелерді қамтыды.

Сонымен бірге, Қазақстанның оңтүстігінде өсетін және бағалы биологиялық белсенділік көрсететін Отандық өсімдік шикізаты - Семенов Родиоласын зерттеуге арналған баяндамаларды атап айтуға да болады.

Баяндамалар ішінде азық-түлік өнімдері құрамындағы пестицидтердің сапалық және сандық мөлшерін химия-токсикологиялық талдау жолымен зерттеу постері ерекше қызығушылық білдіріп, аталған тақырыптың өзектілігі ауқымды пікір-талас тудырды.

Сонымен қатар, инженерлік сала студенттері конкурсқа алғаш рет қатысып, өздерінің жаңа ғылыми зерттеу бағыттарын баяндап, жоғары білім деңгейлерін көрсете білді.

Қорыта келе, қазылар алқасы бірлесе отырып, бір шешімге келді: бірінші орын «Пестицидтердің қалдық мөлшерін анықтаудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбын баяндаған 409фр тобының студенттері  А. Өтегенов пен Ә. Каримоваларға берілді. Екінші орынды «Бисопрололдың химия-токсикологиялық талдауындағы жаңа көзқарастар» тақырыбын баяндаған  409фр тобының студенттері А. Ермекова мен А.Нуртай иеленді. Үшінші орынға «Метронидазолдың дәрілік препараттарын талдауда ЖЭСХ қолдану» баяндамасымен шыққан А.Данилина (513 фр) мен З.Турымбет (409 фр)  лайық деп танылды.

Барлық конкурсқа қатысушылар мен жеңімпаздар сертификаттар, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қазылар алқасы іс-шараның инновациялық сипаты мен интерактивті түрде өткізілуін ерекше атап өтіп, студенттерге тілектерін білдіріп, ары қарай өздерінің болашақ кәсіби жолдарында ғылыми қызметтерін жалғастыруларына үлкен үміт артты. 

 

13.04.2015, 09:04
645 қаралым