Академиялық ұтқырлық – жоғары білім берудегі тәжірибе алмасу алаңы

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Болон процесі аясында оқытушылардың академиялық ұтқырлы¬ғына үлкен мән береді.
Болон декларациясы оқытушылардың басқа оқу орындарына ауысуына және сәйкесті қызметтер алуына ерекше көңіл бөле отырып, бұл ауысудың еркіндігін тиімді жүзеге асыруда кедергілерді ескеру арқылы ұтқыр¬лығына жағдай жасау мақсатын жариялайды.
2023 жылдың 11-19 желтоқсан аралығында Фармацевтикалық өндіріс технологиясы кафедрасының профессор м.а., фарм.ғ.к. Б.О.Торланова және аға оқытушы А.Б.Бақытжанова академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік ЖОО-серіктес Абуали ибни Сино атындағы ТММУ (Душанбе, Тәжікстан Республикасы) барып келді.

Академиялық ұтқырлықтың жоспарына сәйкес оқытушылар «Фармация» мамандығы бойынша оқитын 5 курстың білім алушыларына «Биофармация» пәні бойынша дәріс оқыды, зертханалық сабақ өткізді, аралық бақылау және емтихан қабылдады.
«Биофармацияның негізгі терминдері мен түсініктері. «In vitro» тәжірибелерінде қатты дәрілік түрлерден дәрілік заттарды шығару процесіне дисперстік дәрежесінің физикалық жай-күйінің, химиялық модификацияның, көмекші заттардың табиғаты мен мөлшерінің әсері, дәрілік түрден дәрілік заттарды шығару процесіне ағзаға енгізу жолының әсері», «Фармацевтикалық заттардың полиморфизмі: өзектілігі, проблемалары, перспективалары» және «Дәрілік заттардың фармакокинетикасы мен фармакодинамикасы туралы негізгі ұғымдар» тақырыптарынан зертханалық жұмыстар жүргізілді, сондай-ақ дәріс және тәжірибелік сабақтар барысында осы тақырыптар талданды және қарастырылды.
Білім алушылар бұл тақырыптарға аса қызығушылық танытты және сабақ барысында көптеген пайдалы ақпарат ала алғанын атап өтті.

Сонымен қатар, оқытушылар Тәжік ұлттық университетінің щақыртуымен «Фармация» мамандығы студенттері мен 1 курс магистранттарына «Фармацевтикалық технология» пәні бойынша дәріс оқыды және зертханалық жұмыстар жүргізді.

Сондай-ақ, оқытушылар Турсунзаде қаласында орналасқан «Vezha Pharmaceuticals» кәсіпорыны жұмысымен танысты. Кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, стерильді дәрілік препараттардың 20-дан астам түрін өндірумен айналысады.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Абуали ибни Сино атындағы ТММУ және Тәжік ұлттық университеті басшылығына фармация саласында құзыретті мамандарды даярлау шеңберінде ұсынылған мүмкіндік пен жемісті бірлескен қызметі үшін зор алғысын білдіреді.

26.12.2023, 15:44
307 қаралым