25 Қазан - Республика күні

21 қазан 2022 ж. күні «Мейіргер ісі» кафедрасының ұйымдастыруымен «25 Қазан - Республика күні» тақырыбында студенттермен мұражайларға және қасиеттік орындарға танымдық экскурсиясы өткізілді.

Экскурсияның мақсаты: студенттерді туған жерін, туған елін, халқын ардақтап өтуге үйрету. Бақытқа жетер даңғыл жолдың бірі - туған Отанды сүюден басталатынын түсіндіру. Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту. Адамның және азаматтың құқықтық мәртебесін бекітудегі құқықтың рөлін білу. Қазақ мемлекетінің құрылу кезеңдері туралы, Қазақстанның тарихы мен елдегі құқықтық дамуы жайлы ақпараттандыру.

25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні - Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мерекесі. Мемлекеттік ту - алтын күн алаулаған зеңгір көк апсан іспеттес. Сол зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті. Арман арқалаған алтын бүркіт қазақтың қыран көңілін шырқау биікке алып шыққандай көрініс береді. Мемлекеттік туды даралайтын тағы да бір белгісі - оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті қошқар мүйіз жолақ. Ол - көшпелі әлемнің, дарқан дала рухының тынысы. Ту ортасындағы алтын күн - халқымызға нұр болып шапағатын шашып тұр. Алтын күнді қанатымен жебеп, өрге көтеріп, ұшып бара жатқан ақиық қыран құс - ерліктің белгісі. Туымызды қастерлеу - халқымызды қастерлеу. Көк аспан - кеңшілік, тыныштық, биіктік белгісі. Мемлекеттік Әнұран - еліміздің музыкалық поэтикалық эмблемасы, әдеби сазды төл құжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар қылып түйген музыкалық сәлем хат сынды.

Осыған орай, кафедра ұжымы және колледжіміздің белсенді студенттері Шымкент қаласындағы «Тарихи - өлкетану мұражайына» бас сұқты. Мұражай қорында 70 мыңнан астам материалды және рухани мәдениет ескерткіштері сақталуда. Мұражайдың ғылыми кітапхана қорында 6 мыңнан астам кітап даналары бар. Көрме қойылымдары Қазақстанның дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдерін көрсетеді.

22.10.2022, 09:42
500 қаралым