14 наурыз – Көрісу күні, Амал мерекесі
Бүгін – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Ал кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады.
Тарихшылар мәліметіне сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізеді. Бірақ, екі күнтізбе айырмашылығы 13 күн болып қалған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса 1 науырыз -14 наурызға тап келеді. Ол - жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған.
Көрісу – татулық, мейірімділік, ізеттілік. Бұл - қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі.
Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. "Наурыз" сөзі "жаңа күн" дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді "наурыз" демей "амал" деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.
Осы орайда «Қазақстан тарихы және әлеуеттік-қоғамдық пәндер» кафедрасы оқытушылары және Стқаб-02-23 тобының ұйымдастыруымен «14 наурыз – Көрісу күні» атты іс шарасы өткізілді.
Мақсаты: білім алушыларға ұлттық салт - дәстүрлерінің бірі амал мерекесінің ерекшелігімен таныстыру және олардың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сыйластығына баулу.