«Жүректен - жүрекке» атты қайырымдылық акциясы
Қайырымдылық – жүректегі мейірімнің сәулесі. Яғни, біреуге көмек көрсету, қайырымдылық жасау – адам жанының ізгілігінен, рухани дүниесінің байлығынан, ішкі әлемінің жарықтығынан шығатын игі іс.
Осыған орай, сәуір айының 17 жұлдызында Педиатрия-2 кафедрасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласы № 4 Каусар интернатында «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық іс-шарасы өтті. Аталған іс-шараға 3-ші және 4-ші курс студенттері, кафедра мұғалімдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты студенттерді, әрбір азаматты қайырымдылық істерге тарту, баулу және балалар мен жасөспірімдердің арман-тілектеріне қол жеткізулеріне көмек беру, ортақ күш салу болып табылады.
Әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және басқа санаттағы балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау.
«Педиатрия-2» кафедрасының ассистенттері Онласбекова Г.М, Адильбекова А.Т сөз алды.
– Бүгін біз Рамазан айында, бүлдіршіндерге қуаныш сыйласақ деген ниетпен жиналып ¬отырмыз. Бұл балалар мүмкіндігі шектеулі емес, алтын балалар. Алланың берген сыйлары. Ерекше қабілетті балалардың болашағынан зор үміт күтуге болады. Рамазан айы қуаныш, бақ-береке алып келсін. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын!
Шараға бас-аяғы 43 бала шақырылды. Жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндер Рамазан айының маңызын, мерекенің мәнін түсініп, қасиетті айдан тек қана жақсылық күтетіндерін жеткізді. Өздеріне көңіл бөлген аға-әпкелеріне алғыстарын жаудырып, балалық ақ тілектерін айтты. Бұдан бөлек, студенттердің ұйымдастыруымен бүлдіршіндер кеш қонақтарына көрініс қойып, ән шырқап, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Кеш соңында студенттер балаларға сыйлақтарын беріп, көңіл күйлерін көтерді.
Ал, «Каусар» интернат қызметкерлері болса, балаларға қуаныш сыйлаған студенттерге ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып, дендеріне саулық, жақсы білім алып, ақ халатты абзал жандар болуын тіледі.
«Балалар - өмірдің гүлі». Мұндай іс-шаралар балаларға қоғамның қолдауын, қамқорлығын түсінуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл балалар біздің қоғамға қамқорлық жасауды және қызмет етуді, өз Отанын сүюді жалғастырады!