Жоғары оқу орындарының байланысы нығаюда
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры, профессор М.М.Рысбеков Ташкент медицина академиясының (ТМА) делегациясын қабылдады.
ТМА делегациясының құрамында факультеттік және госпитальдік терапия кафедрасының меңгерушісі О.Жаббаров және осы кафедраның аға оқытушылары Ш.Кодирова, М.Максудова, Н.Султонов келді.
Ташкент медицина академиясының өкілдерін дипломға дейінгі және дипломнан кейінгі деңгейдегі оқу процесінің қойылуы, қашықтықтан білім беру мүмкіндіктері қызықтырды.
Өзбек әріптестер академияның оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі А.Г Ибрагимова, үздіксіз кәсіби дамыту факультетінің деканы К.А. Кабуловпен кездесіп, қонақтар академияның тәжірибелік дағдылар орталығына барды.
Терапевттік пәндер кафедрасында (каф. меңг. Г.К.Асанова) Ташкент медицина академиясының №2 факультеттік және госпитальдік терапия кафедрасының қызметкерлері «Буын синдромы» тақырыбында мастер-класс өткізді.