«Жас маман – 2022» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі

2022 жылғы 06 сәуір күні АҚ «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында» дәстүрлі форматта, резидентураның барлық мамандықтары және интернатураның бітіруші түлектеріне арналған «Жас маман – 2022» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Іс-шара мақсаты: Бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
Аталған іс-шараға Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелер мен ұйымдардан 10-нан аса жұмыс берушілер, 16 мамандық бойынша резидентураның 50 жуық және интернатурадан 45 бітіруші түлектер қатысты. Іс-шараны интернатура және түлектерді жұмысқа орналастыру деканы К.С. Кемельбеков жүргізді.

Жұмыс берушілер өз мекемелері жайлы таныстырылымдарын көрсетіп, мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып, түрлі сұрақтар бойынша кеңес беріп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде мәліметтер берді.

Сонымен қатар, жәрмеңкеге академиямызды бітірген түлектеріміз қатысып, ғылым және мансап жолындағы жеткен жетістіктерімен ой бөлісіп, болашақ жас мамандарға жігер беріп, өздерінің тілектерін айтты.

Декандар К.С.Кемельбеков пен Г.Е.Бектенова және білім беру бағдарламаларының жетекшілері жас мамандардың жұмыс табуы мақсатында қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Жұмыс берушілер мен академияның бітіруші түлектерінің сұхбаттасуы барысында білімгерлердің түйіндемелері жұмыс берушілерге чат арқылы электронды нұсқасы мамандықтарға бөлініп жолданды. Жәрмеңке арқылы бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұхбаттасып, қызықтырған, мазалаған сұрақтарын қоюға, болашақ жұмыс орындарының талаптары туралы білуге мүмкіндік алды.

Кездесу барысында түлектер үшін ең өзекті мәселелер, соның ішінде аталған медициналық мекемелердегі кадр тапшылығы, еңбек жағдайлары, ұсынылатын әлеуметтік пакеттер талқыланды. Бітірушілердің бір бөлігі академияны бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болатыны белгілі. Осындай кездесулер жұмысқа орналасуда белсенді көмек көрсетуге және әрбір түлекке өз білімі мен дағдыларын іске асыруға мүмкіндік беруге бағытталған.

11.04.2022, 10:45
507 қаралым