Жасыл ел жобасы
2024 жылдың 26 қараша күні «Әлеуметтік-гуманитралық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Бұрхан Е.Ж. және ВМ-СҚАБ-03-23 тобының білім алушыларымен Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен өткізілген «Жасыл ел» маусымының жабылу салтанатты іс-шарасына қатысты. Бұл Шымкент қаласындағы XX-шы маусымның жабылуы болатын. Оған өңірдегі белсенді жастар жиылды. «Таза Қазақстан» акциясына жұмыла қатысқан «Жасыл ел» жасағының жастары әр түрлі номинация бойынша марапатталды.
Биыл Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 1300-ден аса жас тартылғаны айтылды. Олар өңірді абаттандырып, көгалдандыру жұмыстарымен айналысты. Осылайша аймақ жастары қаланың экологиясын жақсартуға үлес қосуда. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Алтын Орда» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен маусымдық жабылу салтанаты концерттік бағдарламамен жалғасты.
Іс-шараға сонымен қатар, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы орынбасары Заңғарбек Усупахметов қатысып, «Жасыл ел» еңбек жасақтарында жұмыс атқарған білім алушыларды әр түрлі номинация бойынша марапаттады.
Мектеп, студент және жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастыру, жастардың бойында Отанға деген патриотизмді және туған өлкенің байлығына ұқыпты қарауды қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 маусымдағы № 632 Қаулысымен «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілгендігін және «Жасыл ел» бағдарламасының мақсаты жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы сдуент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету. Сәйкесінше, жылына қаншама жастарды осы бағдарламаға тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендетеді. «Жасыл ел» жасақтары қатарында 2024 жылы маусым, қазан айында 1313 жас жұмыспен қамтылып, арнайы «Жасыл ел» формасымен қамтамасыз етілді,- деді Заңғарбек Нышанбекұлы.