Жаста берген тәрбие - жас шыбықты игендей
«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» жанындағы медицина колледжінің «Фармацевтикалық пәндер» кафедрасының оқытушыларымен Х.Әлімжан атындағы №85 жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушылары арасында «Жаста берген тәрбие - жас шыбықты игендей» тақырыбында кездесу өткізілді. Кездесу барысында білікті мамандар қазіргі қоғамда жастар арасында орын алып жатқан өзекті мәселелер темекі, ішімдік, есірткі жайлы және оның әсерін медицина тұрғысынан түсіндіріп, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды. Жас ерекшелігіне сай жағдаяттық тапсырмалар беріп, дұрыс шешімін таба білген белсенді оқушыларға сыйларын табыстады.
Кездесу барысында «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» тарихы, бүгіні мен болашағы, студенттік өмір, оқу-клиникалық базалары, жеткен жетістіктері және мамандықтар туралы мәлімет берілді.
Кездесу соңында оқушыларды мамандықты дұрыс таңдай білуге шақыра отырып, білімді, білікті маман болу өз қолдарында екенін, оларды үнемі қолдайтын, сенім артатын, жақсы көретін жандар бар екенін айтып өтті.