Ынтымақ базасындағы практика
Шымкент қаласында 3 га болатын «Ынтымақ» учаскесінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы АҚ-на қарасты дәрілік өсімдіктерді мәдени өсіру көшетжайы орналасқан. Бұл көшетжайдың салыну мақсаты академия қабырғасында алынған білім алушылардың теориялық білімін өндірістік практикамен ұштастыру болып табылады
Көшетжайда осы жылдың сәуір айынан бастап фармакогнозия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен, 1, 2, 3, 4 курс студенттерімен, магистранттармен және докторанттармен Ынтымақ базасына дәрілік өсімдіктердің көшеттері мен тұқымдары отырғызылған. Сонымен бірге фармакогнозия кафедрасының коллекциялық учаскесінен де дәрілік өсімдік түрлері (қырмызыгүл, жалбызтікен, мыңжапырақ, мелисса, түймедақ) қазып алынып, Ынтымақ базасына егілді.
Көшетжайда кіші қабіршөп, түзу қазтабан, күлгін оймақгүл және т.б. 20 шақты дәрілік өсімдіктердің тұқымдары егілді. Учаскелік алқаптың ¼ бөлігіне бойдана тұқымдары себілді.
Базада «Ботаника» оқу-практикасы және «Фармакогнозия» өндірістік практикасы бойынша 1, 3, 4 курс студенттері іс-тәжірибеден өтті. Практика барысында студенттер дәрілік өсімдіктерді GACP бойынша мәденилендіру, күтіп-баптау тәсілдерін үйренді. Сонымен қатар әртүрлі дәрілік өсімдіктердің өзіне тән жинау, кептіру, біріншілік өңдеу ережелерінің ерекшеліктерімен танысты.
Ынтымақ базасына ОҚМА АҚ-ның қойған мақсаттарының бірі осы егілген дәрілік өсімдіктер негізінде жобалар жасау. Республикада экологиялық таза өнім нарығын құру, табиғи шикізаттан экологиялық таза өнім өндіруді экономикалық реттеу, осы мақсаттарға инвестицияларды тарту Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының, сонымен қатар ОҚМА-ның ғылыми тұрғыда дамуының бірқатар міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.