Ғылыми-зерттеу құзыреттілікті қалыптастырудағы RBL әдісі

«Биоаналитикалық химия және токсикология» элективті пәні бойынша  кезекті сабақ RBL (ғылыми бағытталған білім беру) инновациялық әдісін  қолдану арқылы өткізілді. Сабақ 5В110300-«Фармация» мамандығының 507 ФК топ студенттерімен күнтізбелік-тақырыптық жоспарына сай жүргізілді. Бастапқы білім деңгейлері Kahoot бағдарламасы арқылы он-лайн режимде тексерілді. Студенттердің тест сұрақтарына интернетке қосылған смартфондары арқылы жауап беруге мүмкіншіліктері болды. Студенттердің бастапқы білім деңгейлері дұрыс жауаптары ғана емес, сонымен қатар жылдамдықтары да бағаланды.

1061 1

Заманауи ЖОО студенттер дайындығын жетілдірудің ең негізгі бағыты интерактивті белсенді білім беру түрлерін енгізу болып табылады. Дүниежүзілік медининалық білім беру федерациясының ұсынысы бойынша медициналық білім беру сапасын жақсарту мақсатында қазақстандық ЖОО оқу үрдісіне  RBL әдісін белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл әдісте білім алушылар білім алудың қарапайым тұтынушыларынан жаңа білім жасау үрдісінің тікелей қатысушыларына айналады.

RBL элементтерін қолданып сабақ жүргізу бірнеше кезеңдерден өтті. Бірінші кезеңде студенттер оқытушыдан 3-4 апта алдын тапсырма алып, Scopus, Web of Science және РАҒО Халықаралық ғылыми мәліметтер базасының сайттарында тіркеліп, шетелдік әдебиетке шолу жасады: қазақстандық және халықаралық ғылыми мәліметтер базасынан ғылыми ақпараттарды іздеп, жинақтады және өңдеді.

1061 2

Ғылыми зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттеріне  сай,  білім алушылар екінші кезеңде жұмыстың экперименталды бөлігін орындады: әртүрлі факторларға байланысты сулы ерітінділерден токсиканттарды органикалық еріткіштермен экстракциялаудың оңтайлы жағдайларын жасады; ЖҚХ әдісімен зерттеу объектілерінен оптималды бөлінуі мен анықталуының жағдайларын жасады. Биообъекттерден бөлініп алынған заттарды талдауда ИҚ-спектроскопия әдісін қолдану мүмкіндігін зерттеді. Зерттелетін ксенобиотиктердің сандық мөлшерін анықтау әдістемесін жетілдірді. Үшінші кезеңде студенттер алынған нәтижелер бойынша қорытындылар жасады.

1061 3

Ашық сабақта студенттер ғылыми-зерттеу жұмыс қорытындыларын көпшілік алдында қорғады: тақырып өзектілігі, стероидты емес қабынуға қарсы дәрілік заттарды  медициналық емес мақсатта қолдану статистикасын көрсетіп, аудиторияны жасалған зерттеу жұмыс мақсаттары, міндеттері мен алынған нәтижелерімен таныстырды.

Сонымен, RBL әдісімен білім алу ғылыми зерттеу дағдыларын: мақсаттар, міндерттерді қалыптастыруға және оларды заманауи зерттеу әдістері көмегімен шешімін табуға, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарды жеке және ұжым болып орындаудың әдістері, тәсілдері мен дағдылары туралы тұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.

1061 4

13.02.2018, 04:29
385 қаралым