Ұлыстың Ұлы Күні – Әз-Наурыз!
Наурыз мейрамы қарсаңында Педиатрия-2 кафедрасында Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз мерекесіне орай дәстүрлі іс-шара өтті. Бұл мерекелік жиын қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеу, ұлттық дәстүрлерді насихаттау және білім алушылар арасындағы достық пен бірлікті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында арнайы жайылған Наурыз дастарқанында ұлттық тағамдар ұсынылып, қасиетті Наурыз көжеден дәм татылды. Сондай-ақ, қазақ халқының бай салт-дәстүрлері сахналық қойылымдар арқылы көрсетілді. Бүлдіршіннің алғаш қадам басуына арналған «Тұсаукесер» рәсімі ұйымдастырылып, ақ баталар берілді. Сонымен қатар, қазақ халқының ең ерекше дәстүрлерінің бірі – «Қыз ұзату» көрінісі қойылды. Бұл көріністен кейін домбырамен күмбірлеген күй тартылып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Мерекелік кеш барысында алыс шетелден келген білім алушылар өздерінің ұлттық билерін билеп, қазақ халқының би өнеріне деген құрметтерін көрсетті. Қазақтың атақты «Қара жорға» биі де нақышына келтіріліп орындалды. Бұл өнер көрсетілімдері көрермендерге үлкен қуаныш сыйлап, мерекенің шырайын аша түсті.
Іс-шара соңында оған белсене атсалысқан топтар арнайы марапаттармен марапатталды. Осындай шаралар ұлттық мәдениетті насихаттауға, түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық, татулық әкелсін!
