«Ұлы-Жеңіс: Ерлікке тағзым-жастарға үлгі»
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының әскери кафедрасы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Ұлы-Жеңіс: Ерлікке тағзым-жастарға үлгі» атты республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, ашық есік күнін өткізді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараның ашылу салтанаты ҚР Мемлекеттік Әнұранын шырқаудан бастау алды. Жиынға оқу орнының проекторы Ербол Сәлім қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
-- Биыл адамзат баласына орасан зор қасірет әкелген сұм соғыстың аяқталғанына 80 жыл. Біз үшін бұл тарихи күннің маңызы зор. Осы іс-шараға қатысып отырған әрқайсысыздың ата-бабамыз елі мен жерін қорғау үшін жастық жалынды шақтарын майдан даласына айырбастады. Олардың ерлігін ешқашан есімізден шығармай, ұлықтау бізге парыз. Ендігі ел қорғаны мен мақтанышы болар азаматтар өздеріңіз деп білеміз, -- деді Ербол Қалтұрсынұлы.
Мұнан кейін әскери кафедра меңгерушісі Асан Қасымбеков сөз алып, іс-шараға келген мектеп оқушылары мен олардың ұстаздарына ризашылығын білдірді. Жастарды елін, жерін сүюге шақырды.
Шара барысында кафедра студенттері патриоттық әндерді шырқады. Салтанатты жиыннан кейін оқушылар бірнеше топқа бөлініп, әскери кафедраның аумағымен және оқу-материалдық базасымен танысты.
