«Туған жердің табиғаты. Облыстың климаттық ерекшеліктері. Облыстың флорасы мен фаунасы» арнайы бағдарламаның шеңберінде экскурсия есебі
Табиғат пен қоршаған ортаны зерттеу мақсатында «Туған ел» үйірмесінің мүшелері Шымкентте орналасқан Қазақстанның ірі хайуанаттар бағына барды. Бұл сапар Оңтүстік Қазақстанның табиғаты, климаттық ерекшеліктері және өңірдегі флора мен фауна алуан түрлілігімен танысуға арналған арнайы бағдарламаның шеңберінде ұйымдастырылды.
Аталған өңірде орташа континенталды климат қалыптасқан, бұл биоалуантүрліліктің байлығын қамтамасыз етеді.
Студенттер зообақта жануарлар әлемінің байлығымен танысты. Осы аймақта кездесетін ерекше жануарлардың биологиялық ерекшеліктері мен климаттық жағдайларға бейімделу жолдары туралы мәлімет алынды. Сонымен қатар, сирек кездесетін және қорғауға алынған жануарлар түрлері, олардың табиғи мекендері мен қорғау шаралары туралы мәліметтермен танысты.
Содан кейін студенттер жергілікті жануарлармен, соның ішінде сайғақтармен (ақбөкен) танысып, олардың қоршаған ортаға бейімделу ерекшеліктерін білді.
Керіктің (жирафтың) салтанатты көрінісі студенттердің ерекше назарын аударды.
Экскурсия экзотикалық құстар павильонында жалғасып, онда экскурсия жетекшісі миграция мен осы түрлерді сақтау маңыздылығы туралы ақпарат берді. Аквариумда студенттер тропикалық балықтар, медузалар және теңіз жұлдыздары туралы ақпарат алды. Олар сондай-ақ, балықтардың су экожүйелеріндегі маңыздылығы мен су ресурстарын қорғаудың қажеттілігі туралы білімдерін толықтырды. Экскурсия террариумда жалғасты, онда әртүрлі рептилиялар, соның ішінде жыландар мен кесірткелер көрсетілді.
Зообаққа бару студенттердің аймақтың табиғаты мен экологиясы туралы білімін кеңейтумен қатар, экологияны қорғаудың маңыздылығын, табиғатты сақтау қажеттілігін және туған жердің табиғи байлығына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара болды. Бұл тәжірибе патриоттық тәрбиені нығайтуға, сондай-ақ студенттердің өз елінің табиғи мұрасына құрметпен қараудың маңыздылығын түсінуіне ықпал етті.