Тәуелсіздік тірегім, ел деп соқсын жүрегім!
Жас ұрпаққа Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жеткен кезеңдерін көрсету, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, отаншылдық сезімін ояту мақсатында қараша айының 26 күні «Гигиена-2» кафедрасының меңгерушісі С.У.Ескерованың ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 24-жылдығына арналған «Тәуелсіздік тірегім,ел деп соқсын жүрегім!» атты іс-шара өткізілді.
Салтанатты жиында ОҚМФА медициналық факультеті деканының орынбасары Г.Е.Толебаева ашып, оқытушылар мен студенттерді айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік бағдарламаға өздері шығарған өлең шумақтары мен халқымыздың арқалы ақындарының шығармаларын шашу еткен ОҚМФА-ның студенттері өз үлестерін қосып, шараның маңыздылығын арттыра түсті.
Салтанатты жиында Қазақ елі тарихының терең тамырынан сыр шертетін көріністер қойылды, әсіресе «Қайрат Рысқұлбековтың тергеу үстіндегі соңғы сөзі» атты сахналық қойылым көрермен назарын аудартып, ерекше әсер қалдырды.
Студенттерге отаншылдық тәрбие беру, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында әндер айтылып, күміс күй күмбірледі. 401 «ҚДС» мамандығының студенті Қасымов Мейіржан «Көк тудың желбірегені» және «Отан-Ана» атты әндерін орындады.
Салтанатты жиын соңында «Гигиена-2» кафедрасының меңгерушісі С.У.Ескерова сөз алып, келген қонақтар мен іс-шараның өтуіне белсенді ат салысқан студенттерге алғыс айтты.
Сонымен бірге, тәрбие ісі бөлімінің бастығы Ғ.Д.Оразымбетова, «Гигиена-1» кафедрасының аға оқытушысы М.А.Тайжанова іс-шараның жоғары деңгейде өткендігіне ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.
Міне, бүгінгі күнде еліміз бақытты күн кешуде. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дегендей, отан үшін өмірін қиғандардың есімдері әрқашан халықтың жүрегінде сақталады. Біз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткіздік, енді осы тәуелсіздігімізді қадірлеп-қастерлеп, халқымыздың әл ауқатын жақсартуға, экономикасын әрі қарай көтеруге, мемлекетіміздің гүлдеп жайнауына, демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында аянбай енбек етуіміз қажет. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын! Еліміздің көк аспанында әрдайым бейбітшілік күні жарқырасын! Жарқын болашаққа қадам басып келе жатқан халқымыз үшін Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!