Қасқасу базасындағы өндірістік тәжірибе – білім алушының кәсіби құзыреттілігін жоғарылату құралы ретінде
Ағымдағы жылдың 3 -14 маусым аралығында «Фармация» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері Қасқасу базасында «Фармакогнозия» пәні бойынша өндірістік практикадан өтті. Білім алушылар практика барысында Қасқасу базасы территориясындағы биік таулы шалғындықтағы, шалғынды жерлерде өсетін дәрілік өсімдік түрлерімен танысып, дәрілік өсімдіктердің флористикалық тізімін құрды. Өсімдіктердің вегетация кезеңін, тұқымдасын және тіршілік ету формасымен танысып, морфологиялық белгілері бойынша дәрілік өсімдіктерді жабайы табиғатта анықтау дағдыларын жақсартты. Жиналған дәрілік өсімдік шикізаттарынан гербаризациялау, кептіру, сақтау бойынша теориялық білімдерін практикамен ұштастырды.
Практика барысында білім алушылар пән бойынша алған теориялық білімдерінің де жоғары деңгейде екендігін «Менің практикалық дағдыларым» атты сайыста көрсетті. Сайыс Қасқасу базасында практикадан өтіп жатқан ОҚМА, Астана медицина университеті және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім алушылары арасында фармакогнозия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен ұйымдастырылды.
Сайысқа «Victory» (ОҚМА), «Зверобой» (Астана медицина университеті), «Esculap» (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) командалары қатысты.
Сайыс 3 кезеңнен тұрды:
1. Викторина;
2. Ребусты шеш;
3. Бейнероликтер байқауы.
Викторина 3 бөлімді қамтыды: Гербарий үлгілерін сипаттау, тестілеу және бейнесұрақтар. Бұл бөлімде білім алушыларға гербарий үлгілері беріліп, берілген объект бойынша сипаттама жасап шықты.
Одан соң 10 сұрақтан тұратын тестілеу жүргізіп, кафедраның магистрант, білім алушылары қойған бейнесұрақтарына жауап берді.
2 кезеңде ребус беріліп құпия сөзді табу бойынша 2 тапсырма берілді.
Соңғы кезең бейнероликтер байқауы болды. Бұл кезеңде командалар алдын ала жасап келген «Менің практикада өткен күндерім» атты тақырыптағы бейнероликтерін көрсетті.
Қорытындылай келе, сайыс соңында Victory (ОҚМА) командасы 1 орын, Esculap (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) командасы 2 орын және Зверобой (Астана медицина университеті) командасы 3 орынды иеленді.
Және Esculap (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) командасы қосымша «Ең үздік бейнеролик» номинациясымен марапатталды.
Практика барысында білім алушылар тек практикалық дағдыларды меңгеріп қана қоймай, зертханалық сабақ барысындағы алынған теориялық білімдерінің жоғары деңгейде екендігін және тәжірибемен ұштастыра алатынын көрсетті.