Практикалық фармация саласындағы серіктестеріміздің академиялық ұтқырлығы
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында фармацевтика саласының өкілдері «Фармацевтикалық аналитика орталығы» ЖШҰ-ның (ФАО, Мәскеу, РФ) бас директоры, фарм.ғ.д,. профессор И.Е.Шохин, сонымен қатар ФАО зерттеу орталығының директоры, фарм.ғ.к., Т.Н.Комаров визитингі өтті.
ФАО мен ОҚМА арасындағы өзара іс-қимылдар ынтымақтастық туралы Меморандум (2019 ж.) негізінде жүзеге асырылады, соның негізінде академия студенттері осы ұйымда өндірістік тәжірибенің бір бөлігін өтуге мүмкіндік алады.
Визитинг бағдарламасы студенттерді, магистранттарды, докторанттар мен оқытушыларды осы орталықтың барлық бөлімшелеріне бейне-шолу түрінде көрсетілген ФАО практикалық қызметімен таныстыруды қамтыды.
Теориялық блок «Заманауи биоаналитикалық орталық, құрылымы және қызметі» кіріспе дәрісінен және Орталықтың бөлімшелері бойынша бейне экскурсиядан басталды, онда орталықтың материалдық базасы мен заманауи аналитикалық жабдықтармен қамтамасыз етілгені көрсетілді.
Сонымен қатар, орталықтың негізгі қызметі бойынша «Клиникалық орталықта биологиялық сұйықтықтарды аналитикалық алдын-ала сынамаға дайындау», сондай-ақ «Биологиялық сұйықтықтарды алдын-ала сынамаға дайындаудың теориялық және практикалық аспектілері» сияқты тақырыптарды қамтитын вебинарлар мен шеберлік сыныптары өткізілді.
Биоаналитикалық зерттеулердің маңызды кезеңдерінің бірі объектілерді талдаудың сенімді және қайталанатын әдістемесі болып табылады, сондықтан тыңдаушылар үшін «Биоаналитикалық әдістерді жасау: жалпы көзқарас» тақырыбындағы сабақтар қызықты болды. Мұнда оқытушылар ультракүлгін және масс-спектрометриялық детектормен қамтылған жоғары эффективті сұйықтық хроматография сияқты зерттеудің негізгі әдістеріне тоқталды. Хроматографиялық бағаналарды, жылжымалы фазаны таңдау, ішкі стандарт және хроматографияның басқа шарттары туралы бейне материалдармен бірге теориялық тұжырымдар егжей-тегжейлі айтылды.
«Иммунобиологиялық әдістермен биоаналитикалық зерттеулер жүргізудің теориялық және практикалық аспектілері» атты дәріс қызықты болды. Иммуноферменттік талдау (ИФА) қан сарысуындағы антиденелердің сандық мөлшерін анықтауға және өлшеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ИФА әдісі әртүрлі ауруларды диагностикалау үшін ғана емес, сонымен қатар зерттелетін материалда төмен концентрацияда кездесетін гормондарды, ферменттерді, дәрілік препараттарды және басқа биологиялық белсенді заттарды анықтау үшін кеңінен қолданылады.
Аналитикалық әдістемелерді валидациялау маңызды кезең екенін ескере отырып, «Дәрілік заттардың сапасын бақылаудағы аналитикалық әдістемелерді валидациялау", сондай-ақ «ЕАЭО-ның заманауи талаптарына сәйкес биоаналитикалық әдістемелерді валидациялау» тақырыптарында сабақтар жүргізілді, онда Достастық елдерінің нормативтік құжаттары жарияланды.
«Заманауи биоаналитикалық орталықтағы сапаны басқару» тақырыбындағы дәрістер мен сабақтар кафедра қызметкерлері үшін өте өзекті болды, ол ары қарай «Биоаналитикалық зертхананың интерактивті аудиті» тәжірибелік сабағымен жалғасын тапты.
ФАО негізгі міндеті еру кинетикасының салыстырмалы тесті (in vitro жағдайында асқазан-ішек жолында дәрілік заттардың босап шығуын модельдеу) биоаналитикалық зерттеулердің нәтижелерін статистикалық өңдеу және дәрілік препараттардың фармакокинетикасын сипаттау болып табылады. Сондықтан лекторлар өз жұмыс тәжірибелерінен «ЕАЭО талаптарына сәйкес дәрілік заттардың фармакокинетикасын зерттеудің аналитикалық кезеңін жүргізу» тақырыбында сабақтар өткізді.
Дәрілік заттардың клиникаға дейінгі зерттеулерін (КДЗ) жүргізудің жалпы мәселелері бойынша дәріс қызықты болды, онда КДЗ-дің негізгі кезеңдері, ЕАЭО елдерінің нормативтік құжаттарының осындай зерттеулер жүргізуге қойылатын талаптары егжей-тегжейлі баяндалды.
Интерактивті режимде дәрілік заттардың фармакокинетикасы мен биоэквиваленттілігіне зерттеулер жүргізу кезінде мәліметтерді статистикалық өңдеу бойынша сабақ өтіліп, онда сабақтың әр бөлімі ситуациялық есептер және өткен материалды меңгергенін тексеру мақсатында қойылған сұрақтармен қамтылды.
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ұжымы біздің әріптестерімізге - ФАО басшысы, профессор И. Е.Шохинге, зерттеу орталығы директоры Т. Н. Комаровқа нормативтік құжаттардың заманауи талаптары негізінде дәрілік заттардың сапасын, эффективтілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелер қамтылған академиялық ұтқырлық бағдарламасы үшін шын жүректен алғысын білдіреді.